КЕЛЕСТЕ МЕДИЦИНА ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ КҮНІ САЛТАНАТТЫ ТҮРДЕ АТАП ӨТІЛДІ

КЕЛЕСТЕ МЕДИЦИНА ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ КҮНІ САЛТАНАТТЫ ТҮРДЕ АТАП ӨТІЛДІ
Келес ауданында Медицина қызметкерлері күніне арналған салтанатты іс-шара ұйымдастырылып, денсаулық сақтау саласында еңбек етіп жүрген 250-ден астам маманға құрмет көрсетілді.
Мерекелік жиынға Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев қатысып, сала ардагерлері мен ақ халатты абзал жандарды кәсіби мерекелерімен құттықтады.
— Дәрігер мамандығы – үлкен жауапкершілік пен адамгершілікті талап ететін қастерлі қызмет. Сіздер күн сайын адам өмірі мен денсаулығы үшін аянбай еңбек етіп келесіздер. Пандемия кезеңінде де, бүгінгі таңда да халық саулығын сақтауда алдыңғы қатардан көрініп жүрсіздер. Ел игілігі жолындағы еңбектеріңіз үшін шынайы алғысымды білдіремін. Баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық және жұмыстарыңызға табыс тілеймін, – деді аудан әкімі.
Салтанатты жиын барысында денсаулық сақтау саласының дамуына үлес қосып жүрген бірқатар медицина қызметкерлері Келес ауданы әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Марапат иелерінің қатарында тәжірибелі дәрігерлермен қатар алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету ұйымдарының үздік мамандары да бар.
Мерекелік шара концерттік бағдарламамен жалғасып, медицина қызметкерлеріне арналған ән-күй тарту етілді.
Іс-шара соңында сала ардагерлері мен медицина мамандары өздеріне көрсетілген құрмет үшін алғыстарын білдіріп, аудан тұрғындарының денсаулығын нығайту жолындағы қызметтерін абыроймен жалғастыра беретіндерін жеткізді.