КЕЛЕС АУДАНЫНДА ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕ ОҢ ШЕШІМІН ТАПТЫ: ЖҮЗІМДІК АУЫЛЫНДАҒЫ ЖАҒЫМСЫЗ ИІС ЖОЙЫЛДЫ

КЕЛЕС АУДАНЫНДА ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕ ОҢ ШЕШІМІН ТАПТЫ: ЖҮЗІМДІК АУЫЛЫНДАҒЫ ЖАҒЫМСЫЗ ИІС ЖОЙЫЛДЫ
Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаевтың Жүзімдік ауылдық округінің тұрғындарымен өткен кездесуінде халық тарапынан көтерілген мәселелердің бірі өз шешімін тапты. Тұрғындар ауыл орталығындағы моншадан шығатын лас судың жағымсыз иіс таратып, маңайдағы экологиялық жағдайды нашарлатып жатқанын алға тартқан болатын.
Аудан тұрғындарының жанайқайына бейжай қарамай, мәселені жеке бақылауына алған аудан әкімі Жәнібек Ағыбаев тиісті сала басшыларына жағдайды дереу зерделеп, заң шеңберінде шара қолдануды тапсырды. Жауапты мамандар жүргізген тексеріс барысында моншадан шығатын ағынды сулар арнайы қазылған септикке бағытталғанымен, септиктің толып кетуіне байланысты судың айналаға жайылып жатқаны анықталды. Дәл осы жағымсыз құбылыс ауыл тұрғындарының наразылығын тудырып, ауаға жағымсыз иіс таралуына себепші болған.
Мәселені түпкілікті шешу мақсатында аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы тарапынан тиісті шаралар қабылданды. Атап айтқанда моншаның жұмысы уақытша тоқтатылып, кәсіпкерге анықталған кемшіліктерді қысқа мерзімде жою және санитариялық нормаларды қатаң сақтау бойынша арнайы ұсыныс (нұсқама) берілді. Нәтижесінде, жергілікті билік пен тұрғындардың бірлескен әрекетінің арқасында елді мекендегі өзекті мәселе дер кезінде шешімін тауып, ауыл тұрғындары үшін қолайлы жағдай қалпына келтірілді.