Түркістан қаласындағы «Керуен сарай» туристік кешенінде өткен дәстүрлі «Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалінде Келес ауданының мәдениеті, өнері, кәсіпкерлігі мен аграрлық әлеуеті кеңінен таныстырылды. Фестиваль аясында алдымен ауданның ауыл шаруашылығы саласындағы жетістіктері, кәсіпкерлер өндіретін өнімдер, қолөнер шеберлерінің туындылары мен суретшілердің шығармалары қойылған арнайы көрме ұйымдастырылды. Көрме арқылы келушілер Келес өңірінің өндірістік мүмкіндіктерімен, кәсіпкерлік бағыттағы жетістіктерімен және ұлттық құндылықтарымен танысуға мүмкіндік алды.
Шара барысында ұлттық спорт түрлері мен салт-дәстүрлер кеңінен насихатталып, қазақ халқының бай мәдени мұрасы дәріптелді. Ұлттық ойындар мен мәдени қойылымдар көрермен назарына ұсынылып, көпшіліктің қызығушылығын тудырды. Фестивальдің салтанатты ашылуында Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев сөз сөйлеп, мұндай мәдени жобалардың өңірлер арасындағы рухани байланысты нығайтудағы маңызын атап өтті. Сондай-ақ ауданның әлеуметтік-экономикалық жетістіктері мен мәдени әлеуетіне тоқталып, фестивальдің Келес өңірін кеңінен танытуға мүмкіндік беретінін жеткізді.
Кештің негізгі бөлімінде аудан өнерпаздары ән мен күйден шашу шашып, би қойылымдары мен театрландырылған көріністер ұсынды. Көрермендер назарына «Келес сазы» фольклорлық ансамблі, «Самғау» вокалды-аспапты ансамблі, «Айжұлдыз» би тобы, «Балдәурен» хор ұжымы және өзге де шығармашылық ұжымдардың өнері ұсынылды. Сонымен қатар, Келес ауданының тумасы, белгілі эстрада әншісі әрі сазгер Сержанәлі Әлібек сахна төрінде өнер көрсетіп, өзінің көпшілікке кеңінен танымал әндерін орындады. Өнерпаздың шығармашылығы көрермендердің ыстық ықыласына бөленіп, мерекелік кештің ажарын аша түсті. Сондай-ақ сахнада ұлттық салт-дәстүрді дәріптейтін театрландырылған қойылымдар мен музыкалық композициялар ұсынылып, көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.