КЕЛЕСТЕ «TUR WORKOUT – ТӘРТІПКЕ ТАРТЫЛ» ЖАСТАР САЙЫСЫ ӨТТІ

КЕЛЕСТЕ «TUR WORKOUT – ТӘРТІПКЕ ТАРТЫЛ» ЖАСТАР САЙЫСЫ ӨТТІ
Келес ауданында жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттап, заң мен тәртіп құндылықтарын дәріптеуге бағытталған «TUR Workout – Тәртіпке тартыл» облыстық жастар сайысының аудандық кезеңі өтті. Ауқымды спорттық шара Келес спорттық-сауықтыру кешенінде ұйымдастырылып, оған ауданның белсенді жастары қатысты.
Сайыстың ашылу рәсіміне Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басқарма басшысы Абай Қадыров, Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев және сала мамандары қатысып, жастарға сәттілік тіледі.
Жиында сөз алған аудан әкімі Жәнібек Ағыбаев Келес ауданы жастар саны жағынан облыстағы алдыңғы қатарлы өңірлердің бірі екенін атап өтті.
— Ауданымыздың халқы 131 мыңнан асса, соның 41 мыңнан астамы – жастар. Бұл – үлкен күш әрі үлкен жауапкершілік. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жастарға әрдайым зор сенім артып келеді. Бүгінгі сайыс – тек спорттық жарыс қана емес, жастарды тәртіпке, жауапкершілікке және салауатты өмір салтына баулитын маңызды алаң. Ең бастысы – жеңіс емес, өз-өзіңді шыңдап, белсенді азамат ретінде қалыптасу. Барша қатысушыларға сәттілік тілеймін, – деді аудан басшысы.
Жарысқа 14 пен 35 жас аралығындағы қатысушылар қатысып, үш жас санаты бойынша күш сынасты. Қатысушылардың спорттық дайындығымен қатар тәртіптілігі, белсенділігі және командалық мәдениеті де бағаланды.
Тартысты өткен сайыс қорытындысы бойынша үздік нәтиже көрсеткен 9 жас спортшы облыстық кезеңге жолдама алды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Сонымен қатар, «Заң мен тәртіп» жобасын жүзеге асыруға белсенді үлес қосқан бірқатар жастарға алғыс хаттар табысталды.