КЕЛЕС: ДӘСТҮРЛІ ЕМЕС ДІНИ АҒЫМДАРДЫҢ ҚАУПІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

КЕЛЕС: ДӘСТҮРЛІ ЕМЕС ДІНИ АҒЫМДАРДЫҢ ҚАУПІ ТАЛҚЫЛАНДЫ
Келес ауданында «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында дін саласындағы тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған маңызды жиын өтті. Аудан әкімінің орынбасары Сүлеймен Жылқыбаев, Түркістан облыстық Дін істері басқармасының басшысы Рүстем Сабыржанұлы, аудан прокуратурасының прокуроры Қалдыбек Садықов және аудандық мекеме басшылары қатысқан бұл басқосуда мемлекеттік қызметшілердің деструктивті діни ағымдардың қызметіне араласуын болдырмау мәселесі басты назарда болды. Жиын барысында қатысушыларға осы бағыттағы құқықтық талаптар мен шектеулер түсіндіріліп, мемлекеттік қызметтегі заңдылық пен тәртіпті нығайтудың маңыздылығы айтылды.
Басқосу аясында қатысушыларға дәстүрлі емес діни ағымдардың белгілері мен олардың қоғамға, отбасына және жеке тұлғаға тигізетін теріс әсерлері туралы жан-жақты ақпарат берілді. Сонымен қатар, арнайы шақырылған теолог маман радикалды діни идеологияның таралуына қарсы іс-қимыл шаралары жөнінде түсіндіріп, қызметкерлерді діни мәселелер бойынша тек қана сенімді ақпарат көздеріне жүгінуге шақырды. Кездесу соңында қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, мамандардан тұшымды жауаптар мен қажетті кеңестер алды. Жауапты тұлғалар тарапынан мемлекеттік қызметшілер арасында діни экстремизмнің алдын алу және идеологиялық иммунитетті қалыптастыру бойынша нақты тапсырмалар жүктелді.