Келес ауданы әкімінің орынбасары Сүлеймен Жылқыбаев азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Қабылдауға келген тұрғындар жер, тұрғын үй, ағын су, жол және жеңілдетілген несие алу мәселелері бойынша өтініштерін жеткізді.
Қабылдау барысында Абай ауылының тұрғындары жеңілдетілген несие алу және жер мәселесіне қатысты сұрақтарын қойды. Аталған мәселелер бойынша қолданыстағы бағдарламалар мен заң талаптарына сәйкес түсіндірме беріліп, өтініштердің мән-жайын зерделеу жауапты мамандарға жүктелді.
Біртілек ауылдық округінен келген тұрғын мал шаруашылығы мен жылыжай кәсібін дамыту үшін жеңілдетілген несие алу мәселесін көтерді. Кездесу барысында мемлекеттік қолдау тетіктері түсіндіріліп, өтініш иесіне қажетті бағыт-бағдар берілді. Жүзімдік ауылдық округінің тұрғыны ағын су мен жол мәселесін көтерді. Бұл бағыттағы мәселелер назарға алынып, олардың шешу жолдарын қарастыру қажеттігі айтылды.
Қошқарата ауылдық округінен келген азамат егістік жерге қатысты өтінішін білдірді. Мәселе бойынша заң талаптары түсіндіріліп, тиісті сала мамандары тарапынан қосымша зерделеу жүргізілетін болды. Ал Ошақты ауылдық округінің тұрғыны тұрғын үй және жер мәселелерін көтерді. Өтініш бойынша қолданыстағы заңнама аясында түсініктемелер беріліп, көтерілген мәселелер бақылауға алынды.
Қабылдау соңында Сүлеймен Жылқыбаев тұрғындар тарапынан көтерілген әрбір мәселе назардан тыс қалмайтынын атап өтті. Сондай-ақ жауапты бөлімдерге азаматтардың өтініштерін жан-жақты қарап, нәтижесі бойынша кері байланыс беру қажеттігін жеткізді.