КЕЛЕСТЕ АРДАГЕРЛЕР КЕҢЕСІНІҢ ДАМУ ЖОСПАРЫ БЕКІТІЛДІ

КЕЛЕСТЕ АРДАГЕРЛЕР КЕҢЕСІНІҢ ДАМУ ЖОСПАРЫ БЕКІТІЛДІ
Келес ауданында Түркістан облыстық ардагерлер кеңесінің жұмысына мониторинг жүргізу және оның алдағы даму жоспарын талқылауға арналған кеңейтілген жиын өтті. Сүбелі басқосуға аға буын өкілдері, зиялы қауым, қоғамдық ұйымдар мен белсенді жастар қатысты.
Маңызды жиынға Келес ауданы әкімінің орынбасары Сүлеймен Жылқыбаев, Түркістан облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының бірінші орынбасары Әбдішүкір Сапарбеков және Келес аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Сапарбек Есімханов қатысып, күн тәртібіндегі негізгі мәселелерді ортаға салды.
Сондай-ақ, шараға бастауыш ардагерлер ұйымдары мен «Әкелер мектебінің» төрағалары, «Әжелер алқасының» төрайымдары мен мүшелері, мектептердің тәрбие ісі жөніндегі директор орынбасарлары және жастар қауымы жұмылдырылды.
Күн тәртібіндегі негізгі мәселелер бойынша алдымен Түркістан облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының бірінші орынбасары Әбдішүкір Әбдімәлікұлы Сапарбековке сөз беріліп, спикер өз баяндамасында облыс көлеміндегі ардагерлер ұйымдарының ағымдағы жұмысына жасалған мониторинг нәтижелерін саралап, алдағы уақытқа арналған даму жоспарын таныстырды. Маңызды баяндамадан кейін жиынға қатысушылар өзара пікір алмасып, ұрпақ тәрбиесі, аға буынның қоғамдық белсенділігі мен оларды әлеуметтік қолдау шараларын күшейту төңірегінде өз ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Басқосу барысында Келес ауданы әкімінің орынбасары Сүлеймен Жылқыбаев арнайы сөз сөйледі.
— Аудан көлемінде ардагерлер ұйымдары мен «Әкелер мектебі», «Әжелер алқасы» өте ауқымды әрі маңызды жұмыстар атқарып келеді. Аға буынның ақыл-кеңесі мен өмірлік тәжірибесі жастар тәрбиесінде, әсіресе аудандағы қоғамдық тұрақтылық пен берекені сақтауда орны бөлек. Сондықтан бұл бағыттағы бірлескен жұмыстарды әлі де жандандыра түсуіміз қажет, — деді Сүлеймен Жылқыбаев.
Басқосу соңында мониторинг барысында анықталған барлық өзекті мәселелер мен айтылған ұсыныстар толықтай ескеріліп, тиісті шаралар қабылданатыны белгілі болды. Жиын нәтижесінде Түркістан облыстық ардагерлер кеңесінің алдағы кезеңге арналған даму жоспары ресми түрде бекітілді.