КЕЛЕС АУДАНЫНДА «АЙҚЫН НӘТИЖЕ» ЖОБАСЫ ІСКЕ АСЫРЫЛУДА

КЕЛЕС АУДАНЫНДА «АЙҚЫН НӘТИЖЕ» ЖОБАСЫ ІСКЕ АСЫРЫЛУДА
Қазақстан Республикасы Бас прокуратураның тапсырмасы негізінде аудан аумағында халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтың алдын алу және әлеуметтік тұрақтылықты нығайту бағытындағы кешенді жұмыстар қарқынды жүргізілуде. «Заң мен тәртіп» қағидатын басшылыққа ала отырып және «Айқын нәтиже» жобасын іске асыру шеңберінде аудан аумағында бірқатар маңызды профилактикалық іс-шаралар қолға алынды.
Қазіргі таңда бұл жұмыстарға аудан әкімдігі, полиция бөлімі, төтенше жағдайлар бөлімі, білім бөлімі, аудандық аурухана, ішкі саясат бөлімі және ауыл округтерінің әкімдіктері бірлесе жұмылдырылған. Күн тәртібіндегі ең өзекті әрі кезек күттірмейтін мәселелердің бірі – балалардың жазғы демалыс кезіндегі суға шомылу қауіпсіздігі. Жаз айларында қайғылы жағдайлардың алдын алу және жазатайым оқиғаларға жол бермеу мақсатында ауданда арнайы профилактикалық тетіктер іске қосылды. Жауапты мамандар су айдындарының маңында бақылауды күшейтіп, балалардың қауіпсіздігін жіті қадағалау бойынша нақты іс-қимылдарды жүзеге асыруда.
«Айқын нәтиже» жобасын іске асыру бағытында аудан көлемінде «Арақсыз ауыл» акциясы бастау алды. Осы бастама аясында 1 ай көлемінде елді мекендерде құқық бұзушылықты азайтып, оңды нәтижелерге қол жеткізу міндеті тұр. Қазіргі таңда Келес ауданына қарасты барлық ауылдар мен ауылдық округтерде ауқымды жұмыстар атқарылуда. Ауылдық округ мамандары, полиция қызметкерлері және жауапты мамандар бірлесіп, халық арасында кең көлемде түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Сонымен қатар, қоғамдық тәртіпті нығайту, салауатты өмір салтын насихаттау және спирттік ішімдіктердің зияны туралы ақпараттық шаралар белсенді түрде қолға алынған.