КЕЛЕС АУДАНЫНЫҢ ОРТАЛЫҒЫ ҚАЛАЙ ӨЗГЕРІП ЖАТЫР?

КЕЛЕС АУДАНЫНЫҢ ОРТАЛЫҒЫ ҚАЛАЙ ӨЗГЕРІП ЖАТЫР?
Келес ауданының орталығы Абай ауылында Ақсақалдар кеңесінің кезекті отырысы өтті. Жиынға Келес ауданы әкімінің орынбасары Сүлеймен Жылқыбаев қатысып, ауыл ақсақалдарымен ашық пікір алмасты.
Кездесуде Абай ауылының әкімі Асылбек Жұманов баяндама жасап, ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуы, инфрақұрылымдық жобалар, абаттандыру және қоғамдық қауіпсіздік бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы жан-жақты ақпарат берді.
Баяндама барысында Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясындағы жұмыстарға ерекше тоқталды. Ауыл тұрғындары, ардагерлер, жастар және мекеме қызметкерлерінің қатысуымен тұрақты түрде сенбіліктер ұйымдастырылып, көшелер мен қоғамдық орындарды тазалау, арық-атыздарды ретке келтіру, көгалдандыру және көшет отырғызу жұмыстары жүйелі жүргізілуде.
Соңғы жылдары Абай ауылында тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған бірқатар маңызды жобалар жүзеге асқан. Атап айтқанда, «Ардагерлер» аллеясында заманауи воркаут алаңы салынып, бірнеше көшеде балалар ойын және спорт алаңдары пайдалануға берілген. Сонымен қатар Асанқайғы көшесі бойынан жаңа Рәміздер алаңы ашылып, тұрғындардың игілігіне ұсынылды.
Ауылды абаттандыру және көркейту жұмыстары да қарқынды жүргізілуде. Қазіргі таңда Ә.Жылқышиев гүлзарының жалғасын салу жұмыстары қолға алынып, демалыс аймақтарын көбейту, көгалдандыру және жарықтандыру жүйелерін жетілдіру бағытындағы жұмыстар жалғасуда.
Жиында ауылдағы көше жарығы мәселесіне де тоқталған ауыл әкімі бүгінде Абай ауылындағы көшелердің 90 пайызы толық жарықтандырылғанын атап өтті. Ал жол инфрақұрылымы бойынша ауылдағы 120 көшенің 110-ы асфальтталған. Қалған көшелерді кезең-кезеңімен жөндеу жоспарланып отыр.
Жиын барысында ардагерлер ауылдың дамуына қатысты өз ұсыныстары мен пікірлерін ортаға салып, жастар тәрбиесі, қоғамдық тәртіп пен тазалық мәдениетін қалыптастыру мәселелеріне тоқталды.
Өз кезегінде аудан әкімінің орынбасары Сүлеймен Жылқыбаев ардагерлердің қоғамдағы орны ерекше екенін атап өтіп, олардың ақыл-кеңестері мен ұсыныстары алдағы жұмыстарда ескерілетінін жеткізді.