КЕЛЕС: АБАЙ АУЫЛЫНДАҒЫ ӨНДІРІС ОРЫНДАРЫ ЖАҢА ПАРКТІҢ АУМАҒЫНА КӨШЕДІ

КЕЛЕС: АБАЙ АУЫЛЫНДАҒЫ ӨНДІРІС ОРЫНДАРЫ ЖАҢА ПАРКТІҢ АУМАҒЫНА КӨШЕДІ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өңірлерде шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту, отандық өндірісті қолдау және жаңа жұмыс орындарын құру бойынша нақты тапсырмалар жүктеген болатын. Президенттің осы тапсырмаларын орындау және аймақтың экономикалық әлеуетін арттыру бағытында Келес ауданында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Осы орайда, ауданға қарасты Абай ауылында индустриялық аймақты дамыту мақсатында арнайы Өндірістік парк құрылып жатыр.
Жаңа өндірістік паркті ұйымдастыру үшін арнайы 32 гектар жер телімі бөлініп, кәсіпкерлерге ашық әрі әділ түрде аукцион арқылы ұсынылды. Кәсіп ісін жаңа бастаған және кеңейткісі келетін азаматтарға қолайлы жағдай жасау мақсатында қазіргі таңда аталған аумаққа электр желісі тартылып, қажетті инфрақұрылым жүйелері жүргізілуде. Бүгінгі таңда бірқатар кәсіпкерлер өздеріне тиесілі жер телімдерін тегістеу жұмыстарын аяқтап, нысандардың құрылысына білек сыбана кірісіп кетті.
Алдағы уақытта бұл аумақта ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіпті дамытуға бағытталған бірнеше маңызды өндірістік жобаларды іске қосу жоспарланып отыр. Атап айтқанда, бұған дейін Абай ауылының орталығындағы Д. Қонаев көшесінде орналасқан сабын өндіру цехы экологиялық талаптар мен қолайлылықты ескере отырып осы жаңа аумаққа көшіріледі, сондай-ақ аймақтағы сусын және сұйықтық өндірушілерді отандық қаптамамен қамтамасыз ететін пластикалық баклашка шығару цехы мен құрылыс саласына қажетті заманауи әрі энергия үнемдегіш материалдар дайындайтын термопанель өндіру нысаны іске қосылады.
Бұдан бөлек, өңірдегі ет өндірісі мен мал шаруашылығының әлеуетін арттыруға септігін тигізетін мал бордақылау алаңы ашылып, санитарлық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін мамандандырылған дезинфекция қызметін көрсету орталығы өз жұмысын бастайды.