БІРЛІК ПЕН АҚТӨБЕДЕГІ КЕЗДЕСУ: БАЯНДАМАСЫЗ, БЮРОКРАТИЯСЫЗ

БІРЛІК ПЕН АҚТӨБЕДЕГІ КЕЗДЕСУ: БАЯНДАМАСЫЗ, БЮРОКРАТИЯСЫЗ
Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев тұрғындармен кездесулерін Бірлік және Ақтөбе ауылдық округтерінде жалғастырды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың барлық деңгейдегі әкімдердің халықпен тұрақты кездесулер өткізу жөніндегі Жарлығына сәйкес ұйымдастырылған жиындар бұл жолы да дәстүрлі баяндамаларсыз, ашық аспан астында еркін форматта өтті.
Кездесу барысында аудан әкімі мінберден ұзақ есеп беруді емес, тұрғындармен тікелей сұхбат құруды жөн көрді. Жиналған ауыл тұрғындары өздерін толғандырған мәселелерді ашық айтып, сауалдарын жолдап, ұсыныстарын жеткізді. Әкім әрбір көтерілген мәселе бойынша жауап беріп, тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді.
Бірлік ауылдық округіндегі кездесуде тұрғындар табиғи газ тарту, ауыз су сапасы, көшелерді асфальттау, электр желілерін жаңарту және жайылым жер мәселелерін көтерді. Өз кезегінде аудан басшысы округте жүзеге асырылып жатқан инфрақұрылымдық жобалардың барысына тоқталып, табиғи газ жүйесінің құрылысы мен электр желілерін жаңғырту жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізіліп жатқанын атап өтті.
Ал Ақтөбе ауылдық округінде тұрғындар жол жөндеу, ауыз су жүйелерін іске қосу, мектеп құрылысы, электр желілерін жаңарту және өрт сөндіру бекетін ашу мәселелерін қозғады. Жәнібек Есенұлы аталған бағыттар бойынша атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде түсіндіріп, жобалардың орындалу мерзімдері мен алдағы жоспарлар туралы ақпарат берді.
Кездесулер барысында аудан әкімі халықтың ұсыныс-пікірлері мен сын-ескертпелері жергілікті билік үшін маңызды екенін атап өтті. Сонымен қатар тұрғындарды туған жердің тазалығын сақтауға, елді мекендерді көркейтуге және «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына белсенді қатысуға шақырды.