Келес ауданына қарасты Жүзімдік ауылында жеке кәсіпкерлердің қолдауымен құны 2,0 миллиард теңгені құрайтын ірі «Минералды су» зауыты және құны 500 миллион теңге болатын «Азиямед» заманауи емдеу орталығы іске қосылмақ. Бұл туралы Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев Жүзімдік ауылдық округінің тұрғындарымен өткен кездесуде мәлімдеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» №826 Жарлығы аясында ұйымдастырылған бұл басқосулар дәстүрлі баяндама оқу форматынан тыс, бірден тұрғындармен ашық диалог және сұрақ-жауап түрінде өрбіді. Жиында азаматтар тарапынан бұған дейін көтерілген өзекті мәселелердің шешілу деңгейі сараланып, жаңа өтініштер мен ұсыныстар тікелей талқыланды.
Еркін форматта өткен сұрақ-жауап барысында өңірдің медициналық және өндірістік әлеуетін арттыратын жобалармен қатар, инфрақұрылымдық жаңғырту жұмыстары да кеңінен сөз болды. Тұрғындар тарапынан қойылған сауалдарға сәйкес, Жүзімдік ауылдық округінде жолдарды жөндеу, ауыз сумен қамтамасыз ету және жарықтандыру жұмыстарының нәтижелері жария етілді. Атап айтқанда, Жүзімдік елді мекенінде 126 миллион теңгеге 11 көше орта жөндеуден өткізілгені назарға алынды. Тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамту мәселесі де тікелей диалогтың өзекті тақырыбына айналды. Су құбырларына қатысты сауалдарға берілген жауапқа сәйкес, Жүзімдік округінің Ақсу елді мекенінде 1,1 миллиард теңгеге су құбыры жүйесі тартылып, 156 абонент суға қосылса, Оңтүстік елді мекенінде де 492,1 миллион теңгенің жұмысы атқарылып, 40 тұрғын үй таза сумен қамтылған.
Әлеуметтік және коммуналдық салалар бойынша қойылған сұрақтар шеңберінде Жүзімдік елді мекенінде «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында құны 401 миллион теңге болатын 149 орындық «Жүзімдік ауылдық мәдениет үйінің» құрылысы аяқталуға жақын екені, нысанды ағымдағы жылдың маусым айында пайдалануға беру көзделгені мәлім болды. Электр желілерінің жүктемесін азайту мақсатында Жүзімдік елді мекенінде 200 миллион теңгеге 10 көшенің электр бағаналары мен кабельдері жаңартылуда. Сонымен қатар, жергілікті дихандардың өтінішіне сәйкес Бесабдал каналының 600 метр бөлігі механикалық тазалаудан өткізілді.
Осы іспетті маңызды инфрақұрылымдық мәселелер мен халықтың сұраныстары Бірлесу ауылдық округінде өткен дәл осындай тікелей сұрақ-жауап кездесуінде де өз жалғасын тапты. Бірлесу ауылдық округі бойынша ішкі көшелердің 65 пайызы асфальтталған. Тұрғындардың өтінішіне орай, Қазақстан елді мекеніндегі тағы 10 ішкі көшеге орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін құны 78,0 миллион теңге болатын жоба әзірленіп, ведомстволық сараптаманың оң қорытындысы алынған. Бұл жоба толық аяқталған жағдайда округ көшелерінің қанағаттанарлық деңгейі 90 пайызға жетеді. Сонымен қатар, Қазақстан және 28 гвардия елді мекендерінде құны 15,6 миллион теңге болатын екі ауыз су тазарту қондырғысы орнатылып, іске қосылу сатысында тұр. Коммуналдық сала бойынша 28 гвардия, Дихан және Берекелі елді мекендерінің көшелерін жарықтандыруға бағытталған жобалар іске асырылып, СТК Ташкент каналын тазалау үшін құны 188 миллион теңге болатын сметалық құжаттар әзірленді.
Аудан әкімі Жәнібек Ағыбаев ашық микрофон форматында өткен екі кездесуде де өңірді көркейтуге үлес қосқан демеушілер мен ауыл белсенділеріне алғыс білдіріп, тұрғындарды «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына қолдау көрсетуге шақырды. Жүзімдік пен Бірлесу ауылдарында қойылған барлық жаңа сұрақтар мен өтініштер хаттамаға енгізіліп, оларды шешу бойынша тиісті құрылымдарға нақты тапсырмалар жүктелді.