ТҮЛЕКТЕРДІҢ ТУҒАН ЖЕРГЕ ТАРТУЫ ҮРДІСКЕ АЙНАЛДЫ: АҚЖОЛДА ЖАҢА АЛЛЕЯ БОЙ КӨТЕРДІ

ТҮЛЕКТЕРДІҢ ТУҒАН ЖЕРГЕ ТАРТУЫ ҮРДІСКЕ АЙНАЛДЫ: АҚЖОЛДА ЖАҢА АЛЛЕЯ БОЙ КӨТЕРДІ
Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев Алпамыс батыр ауылдық округіне жұмыс сапары барысында алдымен Ақжол ауылындағы игі бастамалардың бірімен танысты. Аудан басшысы мектеп бітіргендеріне 20 жыл толған түлектердің туған ауылына тартуы ретінде салынған заманауи «I Love You Ақжол» аллеясын аралап көріп, ұйымдастырушыларға ризашылығын білдірді.
Ауылдық округ әкімі Ерлан Әділхановтың айтуынша, туған жерге тарту жасау дәстүрі округте жыл сайын жалғасып келеді. Өткен жылы мектеп бітіргендеріне 20 жыл толған түлектер ауылдық округтің кіреберіс аркасын салып берсе, биылғы түлектер заманауи демалыс аллеясын ел игілігіне ұсынған. Сонымен қатар келесі жылы 1989 жылғы азаматтар елді мекен орталығына арнайы монумент орнатуды жоспарлап отырғандарын жеткізді.
Одан кейін Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 3 наурыздағы №826 Жарлығына сәйкес, аудан әкімі Жәнібек Ағыбаев Алпамыс батыр ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті.
Кездесуде аудан әкімі дәстүрлі баяндаманы қысқартып, негізгі уақытты тұрғындардың сауалдары мен ұсыныстарын тыңдауға арнады. Бұл тұрғындардың өздерін толғандырған мәселелерді ашық көтеріп, нақты жауап алуына мүмкіндік берді.
Жиын барысында ауыл тұрғындары ауыз су жүйесінің сапалы жұмыс істеуі, ішкі көшелерді жөндеу, инфрақұрылым жүргізу, қашыртқыларды тазалау және өзге де әлеуметтік маңызы бар мәселелерді көтерді. Аудан әкімі әрбір сұраққа жеке тоқталып, жауапты сала басшыларына тиісті тапсырмалар берді.
Кездесуде бұған дейін көтерілген бірқатар мәселелердің орындалу барысы да талқыланды. Атап айтқанда, Қауыншы және Ақжол елді мекендеріндегі қашыртқыларды механикалық тазалау жұмыстары жүргізілгені, ауылдық округте екі жаңа балабақша пайдалануға берілгені, электр желілерін жаңғырту жұмыстары жүзеге асырылып жатқаны айтылды.
Жиын соңында Жәнібек Ағыбаев тұрғындарды ауылдың тазалығы мен көркеюіне белсенді атсалысуға шақырып, барлық көтерілген мәселелер тұрақты бақылауда болатынын жеткізді.