Келес ауданында тұрғындарды сапалы ұялы байланыс және интернет желісімен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар өз нәтижесін беруде. Бұған дейін ауданның бірқатар елді мекендерінің тұрғындары ұялы байланыс пен интернет сапасының төмендігіне қатысты өз өтініштері мен ұсыныстарын білдіріп келген болатын.
Тұрғындар көтерген мәселені шешу мақсатында аудан әкімдігі тарапынан ұялы байланыс операторларына тиісті сұраныстар жолданып, бірқатар кездесулер мен келіссөздер жүргізілді. Нәтижесінде «Kcell» компаниясы аудан аумағындағы 17 елді мекенге жаңа базалық станциялар орнату жөнінде шешім қабылдады.
Атап айтқанда, Абай ауылына қарасты Құрылыс және Аққорған елді мекендерінде, Алпамыс батыр ауылдық округінің Қауыншы ауылында, Ұшқын ауылдық округінің Достық және Ұшқын елді мекендерінде, Қошқарата ауылдық округінің Қошқарата және Жамбыл елді мекендерінде, Біртілек ауылдық округінің Жабайытөбе және Амангелді ауылдарында базалық станциялар орнату жоспарланған.
Сондай-ақ Ошақты ауылдық округінің Қоңыртөбе, Сарыжылға, Жетітөбе және Саңырау ауылдарында, Ақтөбе ауылдық округінің Көгерту, Құйған және Ақжар елді мекендерінде, Бозай ауылдық округінің Тентексай елді мекенінде байланыс нысандары салынатын болады.
Жаңа станциялар 4G технологиясы негізінде жұмыс істеп, тұрғындарға сапалы байланыс пен жоғары жылдамдықтағы интернет қызметін пайдалануға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар бұған дейін Абай ауылындағы Шығыс мөлтек ауданында және Біртілек ауылдық округінің орталығында «Kcell» компаниясының базалық станцияларын орнату бойынша да ұсыныстар берілген болатын. Қазіргі таңда аталған нысандар бойынша құжаттандыру жұмыстары жүргізілуде.
Айта кетейік, аудан аумағында интернет сапасын жақсарту мақсатында Абай ауылында «Қазақтелеком» АҚ теңгеріміндегі ескірген байланыс бағаналарын жаңарту және талшықты-оптикалық байланыс желілерін тарту жұмыстары да жүзеге асырылуда.
Осылайша тұрғындар тарапынан көтерілген байланыс мәселелерін шешу бағытында нақты жұмыстар атқарылып, ауданның цифрлық инфрақұрылымын дамытуға кезекті қадам жасалуда.