Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаевтың халықпен кездесуі Ұшқын ауылдық округінде жалғасты. Бұл жолғы кездесудің ерекшелігі – аудан басшысы дәстүрлі баяндама жасаудан бас тартып, жиынды бірден сұрақ-жауап форматында өткізуді ұсынды.
Ашық аспан астында өткен кездесуде тұрғындар ауылдың өзекті мәселелерін көтеріп, ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Әкім әрбір сұраққа жеке тоқталып, атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы нақты жауаптар берді.
Кездесу барысында Ұшқын ауылында мәдениет үйін салу, ауыз су жүйесін жаңғырту, ағын су арналарының жағдайы, шекара маңындағы мәселелер, сондай-ақ «Ауыл аманаты» бағдарламасының жүзеге асырылуы секілді тақырыптар қозғалды.
Бүгінде округте бірқатар маңызды жобалар іске асырылуда. Атап айтқанда, Достық және Қоралас ауылдарын табиғи газбен қамту құрылысы қарқынды жүргізілуде. Сонымен қатар, Достық ауылында фельдшерлік-акушерлік пункт пайдалануға беріліп, Ұшқындағы отбасылық дәрігерлік емханаға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Аудан әкімі өңірдегі ең өзекті мәселелердің бірі – ауыз су тапшылығын шешу бағытында қолға алынған ірі жобаларға да тоқталды. «Зах» каналынан магистральды су құбырын тарту жобасы арқылы Ұшқын, Достық және Қоралас елді мекендерін тәулік бойы сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету көзделіп отыр.
Жиын барысында тұрғындар тарапынан көтерілген әрбір мәселе хаттамаға енгізіліп, олардың орындалуы бақылауға алынатыны айтылды.
Кездесу соңында Жәнібек Ағыбаев ауыл тұрғындарын қоршаған ортаны таза ұстауға, елді мекеннің дамуына белсенді атсалысуға шақырып, халықпен ашық диалог жүргізу алдағы уақытта да жалғасатынын жеткізді.