Түркістан қаласында 23 маусым – Мемлекеттік қызметшілер күніне орай ұйымдастырылған облыстық спартакиада өтті. Дәстүрлі спорттық додаға Түркістан облысының түкпір-түкпірінен келген 1000-ға жуық мемлекеттік қызметші қатысып, спорттың бірнеше түрінен бақ сынады.
Аталған жарыста Келес ауданы әкімдігі аппаратының Персоналды басқару қызметі (кадр қызметі) бөлімшесінің бас инспекторы Нұрғали Айтқұлов тоғызқұмалақ спорт түрінен жоғары нәтиже көрсетіп, І орынды иеленді. Ұлттық спортты дәріптеген сайыста келестік қызметкер кәсіби шеберлігі мен зеректігінің арқасында қарсыластарынан басым түсіп, аудан мерейін асқақтатты.
Айта кетейік, облыстық спартакиаданың мақсаты – мемлекеттік қызметшілер арасында бұқаралық спортты дамыту, салауатты өмір салтын насихаттау және әріптестік қарым-қатынасты нығайту болды. Нұрғали Айтқұлов облыс намысын қорғайтын үздіктер қатарынан көрініп, Келес ауданының абыройын биіктетті.