Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаевтың төрағалығымен аппараттық мәжіліс өтіп, онда жұмыспен қамту, санитарлық тазалық, индикаторлық көрсеткіштердің орындалуы және жазғы қауіпсіздік мәселелері кеңінен қаралды. Жиында бөлім басшылары мен ауылдық округ әкімдері қатысып, бірқатар маңызды тапсырмалар жүктелді.
Алғашқы мәселе бойынша Келес аудандық Мансап орталығының директоры Нурипа Темірбаева баяндама жасап, 2025 жылы және 2026 жылдың алғашқы бес айында атқарылған жұмыстарға тоқталды. Оның айтуынша, «Еңбек нарығын дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» аясында бірқатар жобалар нәтижелі жүзеге асқан. Атап айтқанда, 2025 жылы 3 839 азамат тұрақты жұмыс орындарына жолданып, жоспар 99,7 пайызға орындалған.
Келес ауданында кедейлік деңгейін төмендету бағытында жүйелі жұмыстар атқарылуда. 2025 жылы аудан бойынша 612 отбасыға атаулы әлеуметтік көмек тағайындау туралы шешім шығарылып, нәтижесінде кедейлік деңгейі 3 пайызға дейін төмендеген. Ал 2026 жылдың алғашқы тоқсанында 460 отбасыға оң шешім қабылданып, аудан бойынша кедейлік шегі 2,5 пайызға дейін азайған.
Басқосуда ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Алмас Абдуллаев «Таза Қазақстан» акциясы аясында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады. Мәжілісте қосымша индустриалды аймақтың қазіргі санитарлық жағдайы сөз болып, тазалық жұмыстарын күшейту қажеттігі айтылды.
Жиында 2026 жылға арналған облыс әкімінің ауданаралық рейтингтік көрсеткіштерінің орындалу барысы қаралды. Экономика және қаржы бөлімінің басшысы Абдикерим Муналов индикаторлық көрсеткіштердің орындалу деңгейіне тоқталып, тиісті бөлімдерге нақты тапсырмалар берілетінін жеткізді.
Мәжіліс қорытындысында аудан әкімі бірқатар нақты тапсырмалар жүктеді. Атап айтқанда, мектеп бітірушілердің қатысуымен өтетін іс-шаралар мен түнгі рейдтерді қатаң бақылауға алу, «Таза Қазақстан» акциясы аясында анықталған кемшіліктерді жою, азаматтарды әскерге шақыру науқанын күшейту, индикаторлық көрсеткіштердің орындалуын тұрақты бақылауда ұстау және жазғы шомылу маусымында қауіпсіздік шараларын күшейту тапсырылды.