Келес ауданында 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай «Бала бақыты – бар әлемнің шуағы» атты мерекелік іс-шара жоғары деңгейде аталып өтті. Аудан орталығында ұйымдастырылған думанды шараға бүлдіршіндер, ата-аналар, аудан ардагерлері мен зиялы қауым өкілдері қатысты.
Мерекелік жиынның ашылуында Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев сөз сөйлеп, барша балаларды мерекемен құттықтады.
— Балалар – еліміздің ертеңі, ұлтымыздың болашағы. Әрбір бүлдіршіннің жарқын болашағы мен сапалы білім алып, бақытты өмір сүруі – мемлекетіміздің басты назарында. Бүгінгі мереке – балаларға деген қамқорлық пен сүйіспеншіліктің айқын көрінісі. Барша балақайларға шаттық, қуаныш, зор денсаулық және жарқын болашақ тілеймін, — деді аудан әкімі.
Іс-шара барысында аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары әннен шашу шашып, кішкентай өнерпаздар би билеп, ән айтып, өлең оқып көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді. Атап айтқанда, “Айым бүлдіршіндер” би үйірмесі өзбекше попурри биін орындаса, жас өнерпаздар түрлі шығармашылық нөмірлерін ұсынды.
Сонымен қатар мерекелік кеште аудан прокуратурасы, полиция бөлімі, аудан әкімдігі мен мәслихат өкілдері сөз сөйлеп, балаларға ақжарма тілектерін жеткізді. Шара барысында балаларға көтеріңкі көңіл күй сыйлау мақсатында аниматорлар өнер көрсетіп, түрлі ойын-сауық бағдарламалары ұйымдастырылды.
Мерекелік жиын соңында іс-шараны ұйымдастыруға қолдау көрсеткен азаматтарға алғыс айтылып, балалар мен ата-аналар көтеріңкі көңіл күймен тарқасты.