КЕЛЕС АУДАНЫНДА ТҮЛЕКТЕР ТУҒАН ЖЕРДІ ТҮЛЕТУДЕ

КЕЛЕС АУДАНЫНДА ТҮЛЕКТЕР ТУҒАН ЖЕРДІ ТҮЛЕТУДЕ
Келес ауданында туған жерге жанашырлық танытып, ауылдың ажарын ашуға атсалысып жатқан азаматтардың игі істері көпшілікке үлгі болуда. Соңғы уақытта ауданға қарасты бірнеше ауылдық округтерде мектеп түлектері ел игілігі үшін ауқымды бастамаларды қолға алып, туған жерге деген шынайы сүйіспеншіліктің жарқын үлгісін көрсетіп келеді.
Ошақты ауылдық округіне қарасты С.Саттаров елді мекенінің кіреберісіне жаңа сәндік арка орнатылды. Көрікті нысанның салынуына ауылдың белсенді азаматтары мен 2006 жылғы мектеп түлектері демеушілік жасап, елді мекеннің келбетіне ерекше сән қосты.
Осындай тағылымды іс Алпамыс батыр ауылдық округіне қарасты Ақ жол елді мекенінде де жалғасын тапты. 2006 жылғы мектеп түлектері “I Love You Ақ жол” атты заманауи аллеяны толық аяқтап, ауыл тұрғындарының игілігіне табыстады. Демалыс аймағы ретінде бой көтерген бұл нысан ауылдың көркін арттырып қана қоймай, тұрғындардың бас қосатын сүйікті орнына айналмақ. Ал Бірлесу ауылдық округінде түлектер ауыл кіреберісіне жаңа арка орнату жұмыстарын жүргізуде. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары қарқынды жалғасып жатыр. Түлектердің айтуынша, нысан жақын күндері толық аяқталып, ел игілігіне пайдалануға беріледі.
Бірлік ауылдық округіндегі ауыл түлектерінің де ауызбіршілігі көпке үлгі. Олар ауыл тұрғындарына арнап жаңа аялдама салып беріп, ел игілігіне пайдалануға тапсырған. Сонымен қатар, биылғы Наурыз мерекесін жоғары деңгейде ұйымдастырып, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге ерекше үлес қосты. Ауыл түлектері жыл сайын Наурыз тойын ұйымдастыруды дәстүрге айналдырып, ауыл бірлігі мен татулығын нығайтуға атсалысып келеді.
Сонымен қатар, Ақтөбе ауылдық округінің орталығы Лесбек батыр елді мекенінде мектеп бітіргендеріне 20 жыл толған түлектер ауыл аумағынан өтетін Келес өзеніне көпір салып берді. Халықтың жүріп-тұруына қолайлы жағдай жасаған бұл игі іс ауыл тұрғындарының зор ризашылығына ие болды. Ал Болашақ орта мектебінің түлектері Құйған елді мекені аумағынан заманауи демалыс аймағы мен аллея салып, ауыл көркіне көрік қосты. Бұл нысан тұрғындардың тынығып, жастардың бас қосатын сүйікті орнына айналмақ. Бүгінде Келес ауданында түлектердің туған жерге тарту жасап, ауылдың инфрақұрылымы мен келбетін жақсартуға атсалысуы игі дәстүрге айналып келеді.