Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдау барысында көтерілген мәселелердің орындалуын жеке бақылауына алды. Қоғамдық қабылдауда Абай ауылының тұрғыны өзі тұратын тұрғын үй маңындағы Араншы каналынан өтетін арыққа байланысты мәселе көтерген болатын.
Тұрғынның айтуынша, аудан орталығының Абай көшесіндегі мекенжайында орналасқан жер телімі арқылы Араншы-1 каналынан су бөлгіші арқылы өтетін арықтың тарлығы мен қолайсыздығы қиындық туғызып отырған.
Қабылдау барысында аудан әкімі мәселенің мән-жайын сол жерде ғана тыңдап қоймай, арнайы мамандармен бірге аталған аумаққа барып көретінін айтқан еді. Аудан басшысы уәдесінде тұрып, жауапты бөлім мамандары мен сала өкілдерін ертіп, тұрғын көтерген мәселенің басына барды.
Аумақтағы жағдаймен танысқан аудан әкімі жауаптыларға арықты кеңейтіп, су өткізу жүйесін реттеу бойынша нақты тапсырмалар жүктеді.
— Халық көтерген әрбір мәселе назардан тыс қалмайды. Тұрғындардың қауіпсіздігі мен қолайлы өмір сүруіне жағдай жасау – біздің басты міндетіміз. Сондықтан бұл мәселені жауапты мамандармен бірге зерделеп, заң аясында оң шешу жолдарын қарастырамыз, – деді аудан әкімі Жәнібек Есенұлы.
Нәтижесінде, арықтың су өткізу мүмкіндігін арттыру және қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында тиісті жұмыстарды ұйымдастыру бойынша жауапты мекемелерге нақты міндеттер жүктелді.
Аудан әкімі тарапынан қоғамдық қабылдауда көтерілген әрбір мәселе кезең-кезеңімен бақылауға алынып, тұрғындардың өтініштері бойынша тиісті жұмыстар жалғасатын болады.