КЕЛЕС: Ә.ЖЫЛҚЫШИЕВ ГҮЛЗАРЫ МЕН АРАНШЫ КАНАЛЫНЫҢ БОЙЫ АБАТТАНДЫРЫЛАДЫ

КЕЛЕС: Ә.ЖЫЛҚЫШИЕВ ГҮЛЗАРЫ МЕН АРАНШЫ КАНАЛЫНЫҢ БОЙЫ АБАТТАНДЫРЫЛАДЫ
Келес ауданының орталығы — Абай ауылында инфрақұрылымды жаңарту және тұрғындарға жайлы орта қалыптастыру бағытында ауқымды жұмыстар басталды. Аудан әкімі Жәнібек Ағыбаев арнайы ауыл ішіндегі құрылыс және абаттандыру нысандарын аралап, жауапты тұлғаларға бірқатар маңызды тапсырмалар жүктеді.
Аудан басшысы алдымен ауылдың басты көрікті жерлерінің бірі — Әбжапар Жылқышиев атындағы гүлзарға барды. Қазіргі таңда бұл демалыс орнын Ошақты каналына дейін созу жоспарлануда. Бүгінде жобаның алғашқы кезеңі ретінде Б.Қырғызәлиев және Абай көшелерінің аралығында жұмыс қызып жатыр.
Құрылыс алаңында жерді тегістеу және жаяу жүргіншілерге арналған жолақтарды салу жұмыстары аяқталуға жақын. Сонымен қатар, автомобиль жолының орны нақтыланып, асфальт төсеуге қажетті дайындық шаралары жүргізілуде. Нысанның барысын бақылаған Жәнібек Есенұлы гүлзар аумағындағы ескі нысандарды жаңартуды және мемлекет мұқтажы үшін алынатын ғимараттарды алу процесін жеделдетуді тапсырды.
“Гүлзарды созу — жай ғана жол салу емес, бұл ауылдың сәулеттік келбетін өзгертетін маңызды жоба. Сондықтан жұмыс сапалы әрі белгіленген кестеге сай орындалуы тиіс. Орталық көшелердің бойы заманауи талаптарға сай болып, халықтың серуендеуіне барынша қолайлы жағдай жасалуы қажет”, — деді Жәнібек Ағыбаев.
Бұдан кейін аудан әкімі Араншы каналының бойындағы жаңадан салынған демалыс аймағына келді. Мұндағы атқарылған жұмыстарды оң бағалай отырып, әкім жобаның әлеуетін әлі де арттыру қажеттігін айтты.
Тұрғындардың, әсіресе жастар мен балалардың бос уақытын тиімді өткізуі үшін канал бойына қосымша воркаут (Workout) және балалар ойын алаңшаларын орнату туралы шешім қабылданды. Ауыл әкімі Асыбек Жұмановқа Араншы каналының бойын Ж. Абуов және М. Артықов көшелеріне дейін, сондай-ақ аудандық сот ғимаратына дейінгі аумақты абаттандыру мен көгалдандыру бойынша жаңа жобалар дайындау тапсырылды.