КЕЛЕС: АУДАН ОРТАЛЫҒЫНДАҒЫ ТАЗАЛЫҚ ПЕН ТӘРТІПКЕ ТАЛАП КҮШЕЙДІ

КЕЛЕС: АУДАН ОРТАЛЫҒЫНДАҒЫ ТАЗАЛЫҚ ПЕН ТӘРТІПКЕ ТАЛАП КҮШЕЙДІ
Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев аудан орталығы Абай ауылындағы санитарлық тазалықты сақтау, елді мекеннің сәулеттік келбетін жақсарту, қоғамдық орындарды күтіп ұстау және коммуналдық қызметтердің жұмысын жүйелеу бағытында жауапты мекемелерге нақты тапсырмалар жүктеген болатын. Әкімнің осы тапсырмаларының орындалуын қамтамасыз ету және бақылауды күшейту мақсатында Келес ауданы әкімі аппаратының басшысы Бақтияр Абдрахманов арнайы аралау жұмыстарын жүргізді.
Аудан әкімінің талаптарына сәйкес аралау барысында ең алдымен ауыл ішіндегі санитарлық тазалықтың жай-күйі сараланып, күнделікті тазалық жұмыстарын күшейту міндеті қойылды. Көшелер бойындағы тұрмыстық қоқыс қалдықтарын уақытылы шығару, ретсіз жатқан құрылыс материалдарын жедел тазарту, қоғамдық орындардың тазалығын тұрақты сақтау бойынша жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар берілді.
Сонымен қатар Ардагерлер аллеясының санитарлық жағдайы қаралып, нысан аумағын толық көлемде жуу, тазалау және көріктендіру жұмыстарын жүйелі түрде жүргізу тапсырылды. Тұрғындар жиі келетін бұл қоғамдық орында тазалық пен тәртіп тұрақты сақталуы тиіс екені ерекше атап өтілді.
Аралау кезінде Абай көшесі бойындағы тұрғын үйлер маңында үйілген құрылыс қалдықтары мен шағал тастарын толық тазарту мәселесі көтерілді. Көше келбетіне нұқсан келтіретін мұндай бейберекет көріністерді қысқа мерзімде ретке келтіру жүктелді.
Сондай-ақ Абай және Қонаев көшелерінің қиылысында орналасқан құрылысы аяқталмаған нысандардың жай-күйі зерделенді. Аппарат басшысы жауапты бөлімдерге меншік иелерін анықтап, құрылыс жұмыстарының тоқтап қалу себептерін саралау және заң талаптарына сәйкес тиісті шаралар қабылдау жөнінде тапсырма берді.
Бұдан бөлек, Араншы каналы бойындағы гүлзарлар мен жасыл аймақтардың күтімі тексеріліп, гүлдерді тұрақты суғару, аумақты таза ұстау және көріктендіру жұмыстарын үздіксіз жалғастыру тапсырылды. Ал Жеңіс саябағында көгалдандыру жұмыстарын күшейтіп, қосымша гүл егу, саябақ ішін жуу және санитарлық тазалау жұмыстарын қарқынды жүргізу міндеттелді.