Келес ауданының орталығы Абай ауылында жол инфрақұрылымын жақсартуға бағытталған ауқымды жұмыстар бастау алды. Қазіргі таңда елді мекеннің бірнеше маңызды көшелерінде құрылыс техникалары жұмылдырылып, орташа жөндеу және асфальт төсеу жұмыстары жүргізілуде.
Атап айтқанда, бүгінгі таңда Б.Қырғызәлиев көшесінде асфальт жабындысын төсеу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Сонымен қатар жоба аясында Ә.Жылқышиев гүлзары, Абылай хан, Т.Рысқұлов, Ә.Молдағұлова және Құрылыс көшелерін кезең-кезеңімен жаңарту көзделген. Бұл көшелер аудан орталығындағы негізгі қозғалыс бағыттарының бірі болғандықтан, жөндеу жұмыстары тұрғындардың күнделікті қатынасына айтарлықтай жеңілдік әкелмек.
Аталған жұмыстарды жүзеге асыру үшін Келес ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі тарапынан тиісті конкурс ұйымдастырылып, мердігер мекеме ретінде Syganak Group анықталған. Қазіргі таңда мердігер тарапынан арнайы техника мен жұмысшы күші тартылып, жолдардың ескі қабатын ретке келтіру, тегістеу және жаңа асфальт жабындысын төсеу жұмыстары атқарылуда.
Мұнан бөлек, ауыл ішіндегі жөндеуді қажет ететін бірқатар көшелер де назардан тыс қалмайды. Атап айтқанда, А.Омаров, Қ.Сәтпаев, Т.Бегманова, Ынтымақ көшелері мен өзге де ішкі жолдар бойынша жобалық-сметалық құжаттамалар әзірленіп, қаржыландыруға ұсынылған. Қаржысы нақтыланғаннан кейін бұл аумақтарда да құрылыс жұмыстары басталады.
Айта кетейік, жалпы ұзындығы 87 шақырымды құрайтын 120 көшесі бар Абай ауылында бүгінде жолдардың 92 пайызы асфальтталған. Қалған көшелерді де кезең-кезеңімен жаңарту арқылы аудан орталығының инфрақұрылымын толық жетілдіру көзделіп отыр.