Келес ауданында ауыл халқының әл-ауқатын арттыруға бағытталған «Ауыл аманаты» бағдарламасының іске асырылу барысы кеңінен талқыланған маңызды мәжіліс өтті. Басқосуда өндірістік кооперативтердің жұмысын жандандыру, жеңілдетілген несиенің тиімділігін арттыру және отбасының цифрлық картасындағы әлеуметтік осал санаттағы тұрғындарды тұрақты табыс көзіне бағыттау мәселелері қаралды. Жиынға Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев төрағалық етті.
Мәжіліске жұмысшы топ мүшелері, аудан әкімінің орынбасары, жауапты бөлім басшылары, ауыл және ауылдық округ әкімдері, өндірістік кооператив төрағалары, кәсіпкерлер мен сала мамандары қатысты. Жиын барысында «Ауыл аманаты» бағдарламасы шеңберінде қаржыландырылған жобалардың бүгінгі жай-күйі, кооперативтердің нақты жұмысы, ауыл тұрғындарын кәсіпке тарту тетіктері және әлеуметтік осал топтағы азаматтардың табысын арттыру бағытындағы міндеттер жан-жақты талқыланды.
Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев бұл бағдарламаның қағаз жүзіндегі көрсеткішпен шектелмей, нақты нәтижеге жұмыс істеуі қажет екенін атап өтті.
— Әрбір ауылдық округте құрылған кооператив тұрғынға шынайы табыс әкелуі тиіс. Жеңілдетілген несие алған азаматтардың кәсібі жүріп, өнім өндіру, қайта өңдеу, мал шаруашылығы, егіншілік бағытындағы жұмыстары жандануы қажет. Біз үшін басты көрсеткіш — халықтың тұрмыс деңгейінің көтерілуі. Сондықтан әрбір жауапты басшы бұл іске формалды қарамай, нақты нәтиже көрсетуі керек, — деді аудан әкімі.
Мәжілісте жұмысшы топ мүшелері тарапынан кооперативтердің әлеуетін арттыру, қаржыландыру мүмкіндіктерін тиімді пайдалану, кәсіп иелерін сүйемелдеу, жаңа жұмыс орындарын ашу және өнім өткізу нарығын кеңейту мәселелері бойынша нақты түсіндірмелер берілді.
Сонымен қатар отбасының цифрлық картасындағы «D» және «E» санатында тұрған отбасыларды анықтап, оларды жұмыспен қамту, кәсіпке бейімдеу, жеңілдетілген несие мен мемлекеттік қолдау шараларына қатыстыру арқылы «C» санатына шығару бойынша ауыл әкімдері мен сала басшыларына бірқатар міндеттер жүктелді.