КЕЛЕСТЕ КІШІ ФУТБОЛДАН ТАРТЫСТЫ ДОДА ӨТТІ

КЕЛЕСТЕ КІШІ ФУТБОЛДАН ТАРТЫСТЫ ДОДА ӨТТІ
1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесіне орай Келес ауданында бұқаралық спортты дамытуға, қоғамдық татулықты нығайтуға және пробация есебіндегі азаматтарды қоғамға бейімдеуге бағытталған «FUTBOL CUP» кіші футбол жарысы жоғары деңгейде ұйымдастырылды.
Турнирдің ашылу салтанатына Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев арнайы қатысып, жиналған қауымды мерекемен құттықтады. Аудан басшысы өз сөзінде ел ішіндегі бірлік пен татулықты сақтау – мемлекет тұрақтылығының басты кепілі екенін атап өтіп, спорттық іс-шаралардың азаматтарды жақындастыратын маңызды алаңға айналып отырғанын жеткізді.
Береке мен бірліктің, достық пен өзара түсіністіктің символына айналған айтулы мереке аясында өткен бұл спорттық додаға ауданның бірқатар мемлекеттік мекемелері мен ауылдық округтерінен құралған командалар қатысып, жасыл алаңда өзара бақ сынасты. Турнирдің негізгі мақсаты – салауатты өмір салтын насихаттау, азаматтарды қоғамдық ортаға тарту, ұйымшылдықты арттыру және ынтымақты күшейту болды.
Тартысқа толы өткен футбол додасында командалар жеңіске деген жігерін танытып, көрермендерге әсерлі ойын сыйлады. Нәтижесінде жарыс қорытындысы бойынша 1-орынды Экономика және қаржы бөлімі иеленсе, 2-орын Ошақты ауылдық округі әкімдігіне бұйырды. 3-орын Мансап орталығының командасына табысталды.
Жарыс соңында Келес ауданының ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің басшысы Даурен Ілесов жеңімпаздар мен жүлдегерлерді арнайы марапаттап, олардың ұйымшылдығы мен белсенділігіне жоғары баға берді.