1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне орай Келес ауданындағы Шұқырсай елді мекенінде «Бірлігі бекем ел озар» атты мерекелік іс-шара кең көлемде ұйымдастырылды. Аудан тұрғындарын ортақ құндылықтар төңірегіне топтастырған мереке татулық пен келісімнің жарқын көрінісіне айналды.
Іс-шара барысында өнерпаздар мен шығармашылық ұжымдар көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, би мен әннен шашу шашты. Түрлі этнос өкілдерінің қатысуымен өткен концерттік бағдарламада ұлттық мәдениеттердің әсем үйлесімі көрініс тауып, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Мерекелік шараға аудан әкімі Жәнібек Ағыбаев қатысып, жиналған жұртшылықты ынтымақ пен бірліктің мейрамымен құттықтады. Өз сөзінде аудан басшысы елдің тұрақтылығы мен дамуы үшін бірлік пен келісімнің маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар, татулық пен сыйластық салтанат құрған қоғамда берекелі тірлік орнап, болашаққа сенімді қадам жасауға мүмкіндік бар екенін жеткізді.
– Баршаңызды бүгінгі Бірлік күнімен құттықтаймын Ата-бабаларымыз қай заманда да бірлікті, татулықты бірінші орынға қойған. Бұл – ырыс-ынтымақты, татулық пен келісімді дәріптейтін ерекше мереке. Ауданымызда 29 этнос өкілдері тату-тәтті өмір сүріп келеді. Этномәдени бірлестіктер мен Ақсақалдар кеңесі бірлік пен келісімді нығайту жолында белсенді жұмыс атқаруда. “Бірлік болмай тірлік болмас” деген дана сөз бар. Бірлігіміз бекем болса, алар асуымыз әрқашан биік болмақ. Баршаңызға амандық, әр шаңыраққа береке мен бақыт тілеймін, - деді аудан басшысы.
Сонымен қатар, этнос өкілдері мен Келес аудандық Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Лесбек Нұртаев тұрғындарды мерекемен құттықтап, бірліктің маңызын ерекше атап өтті. Аталған іс-шара – аудан тұрғындарының өзара сыйластығы мен достығын нығайтып, ортақ құндылықтарды дәріптеуге бағытталған тағылымды мереке болды. Бір шаңырақ астында бейбіт өмір сүріп жатқан түрлі ұлт өкілдерінің ынтымағы – еліміздің басты байлығы екені тағы бір мәрте айқындалды.