КЕЛЕС: ӘУЕДЕН ДӘРІ СЕБІЛІП, АЛҚАП ҚОРҒАУҒА АЛЫНДЫ

КЕЛЕС: ӘУЕДЕН ДӘРІ СЕБІЛІП, АЛҚАП ҚОРҒАУҒА АЛЫНДЫ
Келес ауданында аса қауіпті марокко шегірткесіне қарсы күрес күн сайын күшейіп келеді. Зиянкестің таралуын дер кезінде тоқтату үшін жер үсті техникаларымен қатар, арнайы АН-2 ұшақтары арқылы әуеден химиялық өңдеу жұмыстары жүргізілуде.
Бұл тәсіл шегіртке қалың шоғырланған аумақтарды қысқа мерзімде толық қамтуға мүмкіндік беріп отыр. Қазіргі таңда дернәсілдердің 65 пайызы төртінші жасқа өтіп, аса қауіпті кезеңге жеткендіктен, дәл осы әуе операциялары уақытпен санасқан күрестің ең тиімді әдісіне айналды.
Қазіргі таңда аудан бойынша 5 760 гектар аумаққа дәл осы әуе күшімен дәрі себілген. Әсіресе Бірлік, Жамбыл, Бозай сынды шегіртке тығыз байқалған алқаптарда ұшақтардың жұмысы нақты температуралық режимге сай жоспарланып, тиімділікке басымдық берілуде.
Келес ауданы бойынша зерттелетін жалпы аумақ 217 мың гектардан асса, оның 143 мың гектардан астамы өңдеуге жоспарланған. Қазіргі таңда 159 мың гектардан астам жер зерделеніп, 93 мың гектардан аса аумаққа химиялық өңдеу жүргізілді. Ауқымды жұмыстарға жалпы 117 техника жұмылдырылған.