Келес аудандық мәдениет үйінде аудан кәсіпкерлерінің қатысуымен кәсіпкерлікті дамыту және қаржыландыру тетіктерін түсіндіруге арналған маңызды мәжіліс өтті. Жиынға Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев қатысып, өңірдегі шағын және орта бизнесті дамыту бағытындағы жұмыстарға тоқталды.
— Бүгінде Келес ауданында кәсіпкерлікті дамытуға ерекше басымдық беріліп отыр. Жаңа жұмыс орындарын ашу, халықтың табысын арттыру, өндіріс көлемін ұлғайту – бәрі де іскер азаматтардың белсенділігіне байланысты. Сондықтан мемлекет ұсынып отырған қаржылық қолдауларды тиімді пайдаланып, жаңа жобаларды батыл іске асыру қажет. Аудан әкімдігі әрбір кәсіпкердің бастамасына қолдау көрсетуге дайын, — деді аудан басшысы.
Кездесуге Атамекен Ұлттық кәсіпкерлер палатасы өкілдері қатысып, кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау шаралары, жеңілдетілген несиелеу бағдарламалары, жаңа бизнес бастауға арналған мүмкіндіктер жөнінде кеңінен баяндады.
Сондай-ақ мәжілісте екінші деңгейлі банктер мен қаржы ұйымдарының өкілдері сөз алып, кәсіпкерлерге қолжетімді несие өнімдері, кепілдік мәселелері, айналым қаражатын толықтыру, инвестициялық жобаларды қаржыландыру және мемлекеттік бағдарламалар аясындағы жеңілдіктер бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Жиын барысында кәсіпкерлер өздерін толғандырған сауалдарын қойып, қаржы институттары мамандарымен ашық пікір алмасты.
Кездесуге аудан аумағындағы ауылдық округтерден келген кәсіпкерлер, жеке меншік білім беру ұйымдарының басшылары, сауда, қызмет көрсету, өндіріс және ауыл шаруашылығы саласының өкілдері қатысып, бизнесті жүргізудегі өзекті мәселелерін ортаға салды.