Қызылорда облысында бастау алған «Harvest Agro» агроиндустриалды кластерінің алғашқы кезеңі еліміздің ауыл шаруашылығы саласында жаңа серпін берген маңызды оқиға болды. Осы ауқымды бастамамен танысу мақсатында инвестордың арнайы шақыртуымен Келес ауданынан делегация барып, жобаның іске асу барысын өз көздерімен көріп қайтты.
Келестік делегацияны Келес ауданы әкімі аппаратының басшысы Бақтияр Абдрахманов бастап барды. Делегация құрамында кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы, жер қатынастары бөлімінің басшысы, сондай-ақ Абай ауылы мен Ошақты ауылдық округінің әкімдері болды.
Жұмыс сапары барысында делегация Жалағаш ауданында жүзеге асырылып жатқан агроиндустриалды кластердің алғашқы кезеңінің ашылу рәсіміне қатысып, егін себу науқанының басталуына куә болды. Сонымен қатар, жоба аясында қолға алынған инфрақұрылымдық жұмыстармен, су үнемдеу технологияларымен және заманауи агротехникалық шешімдермен танысты.
Айта кету керек, бұған дейін «Harvest Kazakhstan» серіктестігінің бас директоры Дәулет Увашев Келес ауданына арнайы келіп, аудан әкімі Жәнібек Ағыбаевтың қабылдауында болған еді. Кездесу барысында инвестор агроиндустриалды кластер құру жобасын таныстырып, оны Келес ауданында жүзеге асыру мүмкіндіктерін талқылаған болатын.
Келестік делегация үшін бұл сапар тәжірибе алмасуға, жаңа технологиялармен танысуға және ірі инвестициялық жобаларды өңірге тартудың нақты тетіктерін зерделеуге мүмкіндік берді. Әсіресе, су ресурстарын тиімді пайдалану, цифрлық басқару жүйелері мен заманауи агротехнологияларды енгізу бағыттары үлкен қызығушылық тудырды.
Мамандардың пікірінше, мұндай жобаларды Келес ауданында жүзеге асыру – ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін арттырып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын ашуға, өңделген өнім экспортын ұлғайтуға және жалпы аудан экономикасының дамуына тың серпін береді.