КЕЛЕС: ӘКІМ ОРЫНБАСАРЫ ТЕХНИКА ЖЕТПЕЙТІН 16 СЕКТОРДЫ ЖАЯУ АРАЛАП ШЫҚТЫ

КЕЛЕС: ӘКІМ ОРЫНБАСАРЫ ТЕХНИКА ЖЕТПЕЙТІН 16 СЕКТОРДЫ ЖАЯУ АРАЛАП ШЫҚТЫ
Келес ауданында аса қауіпті зиянкестермен күрес науқаны шешуші кезеңге өтті. Аудан әкімінің орынбасары Сүлеймен Жылқыбаев бастаған арнайы топ техника бара алмайтын ең күрделі аймақтарды жаяу аралап, шегіртке ошақтарын анықтау жұмыстарын жүргізді.
Ауданның фитосанитариялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жалпы аумақ 19 секторға бөлінген болатын. Соның ішінде Сарыағаш және Шардара аудандарымен шектесетін, бедері қиын әрі бүргені қалың өскен 16 секторды Сүлеймен Жылқыбаев бастаған 40 адамнан тұратын топ жаяу шарлап шықты. Көлік қатынауы мүмкін емес бұл аумақтарда мамандар 15 шақырымнан астам қашықтықты еңсеріп, жасырын жатқан зиянкестер ошағын тіркеді.
– Біздің басты мақсатымыз – аудан аумағында зиянкестердің етек алуына жол бермеу. Әсіресе, техниканың күші жетпейтін, таулы-тасты және бұтасы қалың алқаптарда шегіртке ошақтары көптеп кездесуі мүмкін. Сондықтан біз 16 секторды жаяу аралап, әрбір шұңқыр мен сай-саланы жіті тексердік. Анықталған ошақтар бойынша тиісті мекемелерге шұғыл түрде дәрілеу жұмыстарын жүргізуді тапсырдым. Фитосанитариялық ахуал біздің тікелей бақылауымызда, – деп атап өтті аудан әкімінің орынбасары Сүлеймен Жылқыбаев.
.
Аудан бойынша атқарылып жатқан жұмыстардың ауқымы өте кең. Биыл Келес ауданында зерттелетін жалпы аумақ 217 600 гектарды құрап отыр. Мамандардың жоспарына сәйкес, оның ішінде 143 350 гектар жер химиялық өңдеуден өткізілуі тиіс. Қазіргі таңда жүйелі атқарылған жұмыстардың нәтижесінде өңделген алқап көлемі 50 мың гектардан асты.
Бұл маңызды науқанға жалпы 450 адам жұмылдырылған, олардың қатарында шегіртке ошақтарын анықтаушылар мен 116 техника операторлары бар. Аудан аумағындағы әрбір 19 секторға арнайы жауапты мамандар бекітіліп, олардың жұмысын бақылауға аудандық мекемелер де белсенді түрде тартылған. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасатын болады.