КОММУНАЛДЫҚ САЛА КУБОГІНДЕ КЕЛЕСТІК МАМАН ДАРА ШЫҚТЫ

КОММУНАЛДЫҚ САЛА КУБОГІНДЕ КЕЛЕСТІК МАМАН ДАРА ШЫҚТЫ
Астана төрінде 16-20 сәуір күндері өткен «Қазақстанның коммуналдық қызметкерлері кубогі – 2026» республикалық турнирі Түркістан облысы құрамасының айқын жеңісімен аяқталды. ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті ұйымдастырған бұл ауқымды додаға еліміздің 16 өңірінен жиналған ең мықты командалар қатысып, бес күн бойы өзара бақ сынасты.
Тартысқа толы өткен кездесулерде жоғары деңгейдегі тактикалық дайындық пен мықты командалық рух көрсеткен Түркістан облысының спортшылары турнирдің бас жүлдесі мен І орынды лайықты түрде иеленді. Бұл жеңіске Келес ауданы, Алпамыс батыр ауылдық округі әкімдігінің инфрақұрылым жөніндегі бас маманы Медеубек Сыдықбаев өлшеусіз үлес қосты. Ол алаңдағы асқан шеберлігімен дараланып, турнир қорытындысы бойынша «Ең үздік сұрмерген» аталымына ие болды.
Коммуналдық сала қызметкерлерінің басын қосқан бұл спорттық шара тек жеңімпаздарды анықтап қана қоймай, сала мамандары арасында салауатты өмір салтын насихаттауға, өңірлер арасындағы әріптестік байланыс пен өзара ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған маңызды алаңға айналды.