Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауыл шаруашылығы өнімділігін арттыру және су ресурстарын үнемді пайдалану жөніндегі стратегиялық тапсырмалары Түркістан облысының Келес ауданында жүйелі түрде жүзеге асырылып, өңірдің аграрлық әлеуетін жаңа деңгейге көтеруде.
2025 жылы 22 924 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егіліп, жалпы өнім көлемі 85,2 миллиард теңгеге жетті. Бұл көрсеткіш нақты көлем индексі бойынша 105,2 пайыздық өсімді көрсетіп, саланың тұрақты дамып келе жатқанын дәлелдесе, алдағы 2026 жылы бұл межені 92,6 миллиард теңгеге жеткізу жоспарланып отыр.
Президенттің су тапшылығын жоюға бағытталған тапсырмасы аясында ауданда заманауи технологияларды ендіру қарқын алып, өткен жылы 1 168 гектар жерге су үнемдеу жүйелері орнатылды, ал 2026 жылы бұл көрсеткішті 2 530 гектарға дейін ұлғайту көзделуде.
Қазіргі таңда аудан аумағындағы 9 агроқұрылым нақтыланып, 993 гектар аумаққа жаңбырлатып және тамшылатып суғару жүйелерін ендіру үшін тиісті жобалар әзірленсе, соның ішінде «Бақнұр» ЖШС-нің 120 гектар алқабында құрылыс жұмыстары басталып кетті.
Ирригациялық жүйелерді қалпына келтіру бағытында да жүйелі істер атқарылып, 2025 жылы Ошақты, Алпамыс батыр, Біртілек және Ақтөбе ауылдық округтеріндегі 49,7 шақырым каналдар мен қашыртқылар механикалық тазалаудан өтті. Келесі 2026 жылы бұл жұмыстардың ауқымы артып, жалпы ұзындығы 218,5 шақырым болатын ирригациялық желілерді тазарту жоспарлануда.