Келес ауданында адам саудасының алдын алу және оған қарсы іс-қимыл бағытында маңызды жиын өтті. Аудан әкімдігі ғимаратында ұйымдастырылған кездесуді аудан әкімі аппаратының мемлекеттік-құқықтық және терроризмге қарсы іс-қимыл бөлімшесінің басшысы Ерлан Ибраимов жүргізді.
Жиын барысында адам саудасының қоғам үшін аса қауіпті, адам құқықтарын өрескел бұзатын қылмыс екені атап өтілді. Сондай-ақ, бұл бағытта елімізде жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқаны, соның ішінде 2024 жылғы 5 шілдеде қабылданған «Адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасының Заңының маңыздылығы кеңінен түсіндірілді.
Іс-шараға арнайы мобильді топ мүшелері қатысып, профилактикалық жұмыстардың барысы жөнінде баяндама жасады. Атап айтқанда, Түркістан облысы полиция департаментінің Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының аға жедел уәкілі, полиция подполковнигі Сұлтан Будеев адам саудасының алдын алу, оның белгілері мен қауіп-қатерлері туралы кеңінен айтып өтті. Ол өз сөзінде әсіресе жастар мен әлеуметтік осал топтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – басты міндеттердің бірі екенін жеткізді.
Сонымен қатар, «Сана Сезім» әйелдер бастамалық құқықтық орталығы» қоғамдық бірлестігінің өкілі Таңатар Нұрғабылқызы да сөз алып, адам саудасының құрбандарына көрсетілетін құқықтық және психологиялық көмек түрлеріне тоқталды. Ол халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды баяндап, алдын алу шараларының маңызын ерекше атап өтті.
Жиын барысында қатысушылар тарапынан баяндамашыларға сұрақтар қойылып, пікір алмасу өтті. Кездесу қорытындысында адам саудасының алдын алу бағытындағы жұмыстарды күшейту, халық арасында түсіндіру шараларын тұрақты түрде жүргізу қажеттігі айтылды.