КЕЛЕСТЕ 29 МЫҢ ГЕКТАРДАН АСТАМ ЖЕР ӨҢДЕЛДІ

КЕЛЕСТЕ 29 МЫҢ ГЕКТАРДАН АСТАМ ЖЕР ӨҢДЕЛДІ
Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаевтың төрағалығымен өткен жедел штаб отырысында аумақтағы аса қауіпті марокко шегірткесіне қарсы атқарылып жатқан шұғыл шаралар жан-жақты талқыланды. Бүгінгі таңда аудандағы зерттелуі тиіс 217 600 гектар алқаптың 57 100 гектары толық тексеріліп, оның ішінде зиянкестердің шоғырлануы байқалған 23 192 гектар жер анықталды.
Осыған байланысты химиялық өңдеу жұмыстары қарқынды жүргізіліп, қазіргі уақытқа дейін жалпы 29 442 гектар аумақ залалсыздандырылды. Жиын барысында аудан басшысы атқарылып жатқан жұмыстардың маңыздылығына тоқталды.
– Біз үшін әрбір гектардың қауіпсіздігі маңызды. Зиянкестердің егістік алқаптары мен жайылымдарға өтіп кетпеуін жіті қадағалауымыз қажет. Техникалық іркілістер мен мамандардың жетіспеушілігіне жол бермей, барлық күшті жұмылдыруды тапсырамын, — деп атап өтті аудан басшысы.
Бұл бағыттағы жұмыстардың басым бөлігі Бірлік, Жамбыл және Бозай ауылдық округтерінде атқарылса, Ақтөбе, Жүзімдік, Ошақты және Қошқарата округтерінде де тиісті өңдеу шаралары жалғасуда. Зиянкестермен күресті сапалы жүргізу мақсатында аудан аумағы 19 секторға бөлініп, мониторинг жұмыстарына 349 азамат пен қосымша мекемелерден 129 адам жұмылдырылды.
Техникалық жабдықталу мәселесі де басты назарда болып, жоспарланған 123 техниканың 119-ы далада белсенді жұмыс істеп жатыр. Олардың қатарында мердігер мекемелердің, ветеринариялық қызметтің және табиғат қорғау басқармасының арнайы құрылғылары бар. Сонымен қатар, Бәйдібек, Сауран, Түлкібас, Шардара және Төлеби аудандарынан келген қосымша техникалар Келес өңіріндегі залалсыздандыру жұмыстарына көмекке келді.
Штаб отырысында кейбір техникалардың ақаулануына байланысты туындаған іркілістер ашық айтылып, аудан әкімі бұл мәселелерді жедел реттеуді тапсырды. Жиын соңында Жәнібек Ағыбаев жауапты мамандарға шегіртке ошақтарын дер кезінде анықтап, жою жұмыстарын күшейтуді жүктеді.