Келес ауданы әкімінің орынбасары Даурен Сариевтің төрағалық етуімен кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті. Жиынға құқық қорғау органдарының өкілдері, білім беру саласының мамандары мен комиссия мүшелері қатысып, жасөспірімдер арасындағы өзекті мәселелерді талқылады.
Күн тәртібінде алдымен жекелеген мектеп оқушыларының тәртібі мен олардың әлеуметтік жағдайларына қатысты нақты істер қаралып, тиісті мамандардың есептері тыңдалды. Отырыс барысында балалардың құқықтарын қорғау, олардың мінез-құлқындағы өзгерістер мен заң бұзушылықтардың себеп-салдарына терең талдау жасалды.
Сонымен қатар жиында бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың, қылмыстың және зорлық-зомбылықтың алдын алу жұмыстары сарапталды.
Жасөспірімдердің бос уақытын тиімді ұйымдастыру, ерте жүктіліктің алдын алу және бала еңбегін қанауға жол бермеу бағытында атқарылған іс-шараларға баға берілді. Жиын соңында жас ұрпақтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және тәрбие жұмысын күшейту бойынша жауапты тұлғаларға нақты міндеттер жүктелді.