Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өндірістік әлеуетті арттыру және жаңа жұмыс орындарын құру жөніндегі стратегиялық тапсырмасына сәйкес, Келес ауданында экономиканың дамуына серпін беретін ауқымды жұмыстар атқарылуда. Өңірдегі өндіріс көлемін ұлғайту мақсатында бүгінде заманауи өндірістік парктердің іргетасы қаланып, өңірлік экономиканы әртараптандыруға басымдық беріліп отыр.
Осы бағыттағы жүйелі жоспардың алғашқы қадамы ретінде Абай ауылында 9 гектар аумақты қамтитын жаңа өндірістік парк бой көтеруде, оның инфрақұрылымына қажетті қаржы аудандық бюджеттен бөлініп, құрылыс жұмыстары қарқын алған. Аталған паркте сабын шығарудан бастап, термопанельдер мен дезинфекциялық өнімдер өндіруге және мал бордақылауға бағытталған бес бірдей ірі инвестициялық жоба іске асырылады, сонымен қатар кәсіпкерлер үшін тағы 13 гектар бос жер дайын тұр.
Сонымен қатар Бесқұбыр ауылындағы бұрынғы шекара бекетінің базасында 2,5 гектар жерге жаңа өндіріс алаңы ұйымдастырылып, ондағы бар инженерлік желілердің игілігін кәсіпкерлер көретін болады. Бұл нысандарды жаңғырту жұмыстары аяқталған соң, ғимараттар меморандум негізінде бизнес өкілдеріне табысталып, өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін одан ары нығайта түспек.
Мұндай жүйелі жұмыстардың нәтижесі қазірдің өзінде байқалуда, мәселен, 2025 жылы өнеркәсіп өнімі 7,1 млрд теңгеге жетіп, нақты көлем индексі 105,3 пайызды құраса, 2026 жылы бұл көрсеткішті 8,4 млрд теңгеге дейін өсіру жоспарланып отыр. Бұл межеге жету үшін ауданда жаңа күн электр станциясы мен минералды және алкогольсіз сусындар зауыттары іске қосылып, Келес ауданының экономикалық қуатын жаңа деңгейге көтереді деп күтілуде.
Келес ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі