КЕЛЕС ӨҢІРІНЕ ЖАҢА СЕРПІН: 60 ШАҚЫРЫМДЫҚ ЖОЛ ҚҰРЫЛЫСЫ БАСТАЛДЫ

КЕЛЕС ӨҢІРІНЕ ЖАҢА СЕРПІН: 60 ШАҚЫРЫМДЫҚ ЖОЛ ҚҰРЫЛЫСЫ БАСТАЛДЫ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың V отырысында көлік инфрақұрылымын дамытуға айрықша назар аударып, Сарыағаш маңындағы көлік тығыздығын азайту үшін «Сарыағаш айналма жолы» жобасын жүзеге асыруды тапсырған болатын.
Президент тапсырмасы аясында аталған жоба нақты іске көшіп, бүгінде құрылыс жұмыстары ресми түрде басталды. Жобаның басталуына орай салтанатты капсула салу рәсімі ұйымдастырылды.
Маңызды инфрақұрылымдық іс-шараға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, жобаның өңірлік маңызына тоқталды. Сонымен қатар, Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев және аудан ардагерлері мен зиялы қауым өкілдері қатысып, жаңа бастамаға қолдау білдірді.
Жобаның жалпы ұзындығы 103,4 шақырымды құрайды. Оның ішінде негізгі бөлігі – 60,4 шақырым – Келес ауданы аумағы арқылы өтеді. Бұл өз кезегінде ауданның көлік инфрақұрылымын едәуір жақсартып, елді мекендер арасындағы қатынасты жеңілдетуге мүмкіндік береді.
Жаңа айналма жол Б.Қонысбаев атындағы өткізу пункті бағытындағы халықаралық көлік ағынын тиімді реттеп, транзиттік әлеуетті арттыруға ықпал етеді. Сонымен қатар, Сарыағаш қаласы арқылы өтетін көлік жүктемесін азайтып, жол қауіпсіздігін арттыруға сеп болады.
Қазіргі таңда жобаға қажетті жер телімдерін мемлекет мұқтажы үшін алу жұмыстары толық жүргізіліп, барлық дайындық кезеңдері аяқталған. Ендігі кезекте құрылыс жұмыстары кезең-кезеңімен іске асырылатын болады.
Бұл жоба – Келес ауданы үшін стратегиялық маңызы бар бастама. Ол ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына жаңа серпін беріп, инвестициялық тартымдылығын арттыруға жол ашады.