КЕЛЕС: ПРЕЗИДЕНТТІҢ АЛҒЫС ХАТЫ ТАБЫСТАЛДЫ

КЕЛЕС: ПРЕЗИДЕНТТІҢ АЛҒЫС ХАТЫ ТАБЫСТАЛДЫ
Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев республикалық референдумды жоғары деңгейде ұйымдастыруға атсалысқан бірқатар азаматтарға алғыс білдіріп, Президенттің Алғыс хаттарын табыстады. Салтанатты жиында аудан әкімі биылғы саяси науқанның ел өміріндегі маңызына тоқталып, Келес жұртшылығының белсенділігін ерекше атап өтті.
–Биыл еліміз үшін тарихи кезең болды. Халқымыз жаңа Конституцияға қатысты референдумға белсенді қатысып, мемлекетіміздің болашақ бағытын айқындады. Бұл маңызды сәтте Келес тұрғындары ұйымшылдық пен бірліктің жарқын үлгісін көрсетті. Сіздердің еңбектеріңіз – ел дамуына қосылған зор үлес, – деді Жәнібек Есенұлы.
Аудан басшысы сондай-ақ Мемлекет басшысының Әділетті, Қуатты әрі Таза Қазақстан құру жолындағы бастамаларына халықтың қолдауы айқын көрінгенін жеткізді.
Айта кетейік, 15 наурыз күні өткен республикалық референдумда қазақстандықтар жаңа Конституцияны қолдап, ел дамуының жаңа кезеңіне жол ашты. Ал Ақордада өткен салтанатты рәсімде Мемлекет басшысы жаңа Ата заңға және оны іске асыру жөніндегі Жарлыққа қол қойған болатын.
Жаңа Конституция 1 шілдеден бастап ресми түрде күшіне енеді.