Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев Абай ауылында суға кеткен 2018 жылы туған баланы іздестіру мақсатында құрылған арнайы жедел штабқа барды. Аудан басшысы оқиға орнындағы ахуалмен танысып, атқарылып жатқан ауқымды іздестіру-құтқару шараларын тікелей үйлестірді.
Штаб отырысы барысында Жәнібек Ағыбаевқа Төтенше жағдайлар департаменті, полиция қызметі және еріктілерден құралған топтардың атқарған жұмыстары туралы егжей-тегжейлі баяндалды. Әкім өзен арнасының күрделілігі мен ауа райының ерекшеліктерін ескере отырып, іздестіру аумағын кеңейтуді және барлық техникалық мүмкіндіктерді барынша тиімді пайдалануды тапсырды.
— Біздің басты міндетіміз – барлық күш-құрылымдарының жұмысын сауатты үйлестіре отырып, іздестіру жұмыстарын бір сәтке де тоқтатпау. Жергілікті атқарушы органдар тарапынан қажетті көмек пен қосымша ресурстар толық жұмылдырылады, – деп атап өтті аудан әкімі.
Қазіргі таңда іздестіру шараларына жалпы саны 120-дан астам адам мен 13 бірлік техника жұмылдырылған. Атап айтқанда, Төтенше жағдайлар департаменті мен «Барыс» республикалық жедел-құтқару жасағынан 50-ге жуық маман мен 5 қайық, Полиция департаментінен 30 қызметкер, жергілікті әкімдіктен 20 адам және бүлдіршіннің 20-ға жуық туысы атсалысуда.
Іздестіру жұмыстары Келес өзенінің бойымен 6 бағытқа бөлінген. Құтқарушылар Абай ауылынан бастап Сырдария өзеніне құяр арнаға дейінгі 80 шақырымдық аумақты қамтуда. Бүгінгі күннің өзінде сүңгуірлер өзен түбін 50 шақырымнан астам қашықтықта тралмен тексеріп шықты. Сонымен қатар, жағалау сызығын бақылау үшін жылувизоры бар 5 ұшқышсыз ұшу аппараты қолданылып, 57 шақырым жер әуеден тексерілді.