КЕЛЕС: ТАЗАЛЫҚ ПЕН ТӘРТІП – БАСТЫ НАЗАРДА

КЕЛЕС: ТАЗАЛЫҚ ПЕН ТӘРТІП – БАСТЫ НАЗАРДА
Аудан орталығының сәулетті келбетін сақтау және санитарлық жағдайын тиісті деңгейде ұстап тұру — жергілікті атқарушы билік пен коммуналдық қызметтердің алдында тұрған негізгі міндеттердің бірі. Күннің ыстығы мен суығына қарамастан, ел игілігі үшін қажырлы еңбек етіп жүрген тазалық саласының мамандары Келес ауданының эстетикалық ажарын ашуға айтарлықтай үлес қосуда.
Қазіргі таңда аудан орталығының тазалығын қамтамасыз ету бағытында күн сайын 20-дан астам сала маманы жұмысқа жұмылдырылуда. Көпшілік тәтті ұйқыда жатқан мезгілде, таң бозармай жатып жұмысқа кірісетін бұл жандар — ауданның «тынысын ашатын» нағыз еңбек адамдары. Олардың жұмыс кестесінің тығыздығына қарамастан, әрбір көше, гүлзар мен қоғамдық орындардың тазалығы жоғары жауапкершілікпен атқарылып келеді.
Ауданның тазалық мәселесі тікелей аудан әкімінің жіті бақылауына алынған. Жұмыстардың жүйелі жүргізілуі абаттандыру ісінің сапасын арттырып отыр. Тек тазалау жұмыстарымен шектелмей, көшелерді көгалдандыру мен эстетикалық нысандарды ретке келтіру шаралары да тұрақты түрде жүзеге асырылуда.
«Көшелердің тазалығы — тек жайлылық қана емес, бұл ең алдымен тұрғындардың денсаулығы мен ауданның мәдени деңгейінің басты көрсеткіші», — дейді сала мамандары.
«Тазалық — табалдырықтан басталады». Аудан орталығының келбеті тек тазалықшыларға ғана емес, әрбір тұрғынның мәдениеті мен жауапкершілігіне де тікелей байланысты. Осы «көрінбейтін майданның» нағыз батырларының еңбегін бағалау және қоршаған ортаға ұқыптылықпен қарау — баршамызға ортақ парыз.