Келес ауданында шекаралық үйлестіру кеңесінің 2026 жылдың І тоқсаны қорытындыланған кезекті отырысы өтті. Жиын барысында мемлекеттік шекараны қорғаудың тиімділігі мен аймақтағы құқықтық тәртіпті нығайту мәселелері жан-жақты сараланды.
Басқосуда кеңес мүшелері шекара маңындағы аумақтарда шетел азаматтарына заңсыз қызмет көрсету фактілерінің алдын алу және заңсыз көші-қон ағынына жол бермеу мәселелерін басты назарға алды. Осы орайда, аудан аумағындағы қонақ үйлер мен жалдамалы тұрғын үйлерге жүргізілетін бақылау шараларын барынша күшейту қажеттігі айтылды.
Тәртіп сақшылары мен жауапты мамандар заңсыздықтың алдын алумен қатар, маусымдық қауіп-қатерлерге де тоқталды. Көктемгі дала жұмыстарының басталуына байланысты ауыл шаруашылығы нысандарында өрт қауіпсіздігін сақтау, құрғақ шөптің өртенуін болдырмау және шекара маңындағы елді мекендерді су басудан қорғау шаралары ерекше атап өтілді. Мамандар бұл бағыттағы жұмыстардың үйлесімді жүруі ел қауіпсіздігі мен шаруалардың тыныштығы үшін маңызды екенін жеткізді.
Жиын қорытындысы бойынша, шекара қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтардың деңгейін төмендету мақсатында тиісті мекемелерге нақты тапсырмалар берілді. Сондай-ақ, жергілікті тұрғындар арасында заң талаптарын түсіндіру жұмыстарын жандандыру жүктелді.