Келес ауданында биылғы ауыл шаруашылығы жылының табысты болуын қамтамасыз ету мақсатында көктемгі дала жұмыстары қызған шаққа өтті. Жалпы жер көлемі 345 мың гектардан асатын, негізінен аграрлық секторға бағытталған ауданның 24 800 гектары егістік жер болса, қалған бөлігі тәлімді және жайылымдық алқаптарды құрайды.
2026 жылға арналған жоспарға сәйкес, өсімдік шаруашылығындағы егіс көлемі өткен жылмен салыстырғанда 1 875,8 гектарға ұлғайып, 24 800 гектарға жетті. Бүгінгі таңда жаздық дақылдарға арналған 21,2 мың гектар жерді жырту жұмыстары толық аяқталып, егін егу науқанына жол ашылды.
Биылғы егіс құрылымында көкөніс дақылдарына басымдық беріліп, 9 560 гектар жер бөлінген. Сондай-ақ шаруалар 7 004 гектарға дәнді және бұршақты дақылдар, 3 541 гектарға мал азықтық дақылдар, 2 490 гектарға бақша өнімдерін және 1 920 гектарға картоп егуді жоспарлап отыр. Бұдан бөлек, мақта, майлы дақылдар және 112 гектарды құрайтын жылыжай кешендері аудан экономикасының негізгі тірегі болмақ.
Жедел мәліметтерге сүйенсек, қазіргі уақытта көктемгі егіс жұмыстарының 81,2 пайызы нақты орындалды. Дала төсінде 1,5 мың гектарға қырыққабат, 0,8 мың гектардан картоп пен пияз, сондай-ақ сәбіз, қызылша және құлпынай секілді өнімдер егіліп, алғашқы күтім жұмыстары басталды. Келес диқандары ауданның аграрлы әлеуетін пайдалана отырып, биылғы берекелі күзден жоғары өнім күтуде.