Келес ауданында су тасқыны мен сел қаупінің алдын алу бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Бұл бағыттағы шаралар аудан әкімі Жәнібек Ағыбаевтың тұрақты бақылауында.
Аудан басшысы өңірдегі гидрологиялық жағдайды зерделеу мақсатында Түркістан облысы жұмылдыру дайындығы, аумақтық және азаматтық қорғаныс басқармасының басшысы Санжар Бүрлібаевпен бірге Келес өзенінің бойындағы қауіпті аймақтарға арнайы барды.
Іссапар барысында Жүзімдік, Бірлесу және Ақтөбе ауылдық округтеріне қарасты елді мекендердегі өзен арналарының жағдайы назарға алынды. Мамандармен бірге арнаның бұзылған тұстарын қалпына келтіру, жағалауларды бекіту және су өткізу қабілетін арттыру мәселелері талқыланды.
Айта кетейік, Келес өзені аудан аумағындағы алты ауылдық округ арқылы ағып өтеді. Жалпы ұзындығы 90 шақырымға жуық өзен арнасының кейбір бөліктерінде су тасқыны кезінде жағалаулардың опырылу қаупі бар. Бұл өз кезегінде ауыл шаруашылығы алқаптарына, жылыжай кешендеріне және өзенге жақын орналасқан тұрғын үйлерге қауіп төндіруі мүмкін.
Осыған байланысты Келес ауданында төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі арнайы жұмысшы топ құрылып, қауіптің алдын алу шаралары күшейтілген.
Аталған бағытта 2023 жылы нақты жұмыстар атқарылды. Атап айтқанда, 7,2 шақырым өзен арнасы түзетіліп, жағалау бекіту шаралары жүргізілді. Сонымен қатар 2100 дана габиондық тор орнатылып, 6300 текше метр қой тасы төселді. Бұл жұмыстарды «Тұран су» коммуналдық мемлекеттік мекемесі жүзеге асырды.
Қазіргі таңда да өзен бойындағы қауіпті учаскелерді бақылау, алдын алу және қорғаныс шараларын күшейту жұмыстары жалғасуда.