КЕЛЕСТЕ 143 МЫҢ ГЕКТАРДАН АСА АУМАҚТА ШЕГІРТКЕГЕ ҚАРСЫ ӨҢДЕУ ЖҮРГІЗІЛЕДІ

КЕЛЕСТЕ 143 МЫҢ ГЕКТАРДАН АСА АУМАҚТА ШЕГІРТКЕГЕ ҚАРСЫ ӨҢДЕУ ЖҮРГІЗІЛЕДІ
Келес ауданында аса қауіпті үйірлі марокко шегірткесіне қарсы күрес шараларын ұйымдастыруға арналған маңызды жиын өтті. Жиналысқа аудан әкімінің орынбасары Сүлеймен Жылқыбаев төрағалық етіп, тиісті сала мамандары мен жауапты тұлғалар қатысты.
Жиын барысында 2026 жылға жоспарланған ауқымды жұмыстар жан-жақты талқыланды. Атап айтқанда, биыл аудан бойынша 143 350 гектар аумаққа химиялық өңдеу жүргізу көзделген. Оның ішінде 88 875 гектар жер үсті әдісімен, ал 47 132 гектар алқап әуе арқылы өңделмек.
Өткен жылдың қорытындысына сәйкес, 2025 жылы Келес ауданында 88 750 гектар аумақ химиялық өңдеуден өтіп, 190 азамат ақылы қоғамдық жұмысқа тартылып, зиянкестерді анықтау ісіне белсенді қатысқан. Шегіртке ошақтарын дер кезінде анықтап, залалын азайту мақсатында 2026 жылғы 9 ақпанда аудан аумағында арнайы штаб құру туралы қаулы қабылданған. Сонымен қатар, жұмысшы топ құрылып, жүйелі жұмыстар бастау алды.
Жоспарға сәйкес, биыл 220 азамат уақытша жұмысқа тартылып, анықтаушы ретінде қызмет атқарады. Олар ауылдық округтер бойынша бөлініп, нақты учаскелерде жұмыс жүргізеді. Дайындық шаралары да толық пысықталған. Аудан 19 секторға бөлініп, әр секторға жауапты мамандар бекітілген. Оларға арналған 19 жатын орын әзірленген. Сонымен қатар, 40 су көзінің орны анықталып, су пайдалануға келісімдер жасалған. Анықтаушыларды тасымалдау үшін 42 автокөлік, ал су жеткізу үшін 20 арнайы көлік дайындалған.
Техникалық қамтамасыз ету де назардан тыс қалмаған. Мердігер тарапынан 54 техника, ветеринария басқармасынан 28 техника және қосымша 24 жалдамалы техника жұмылдырылуда. Жиын барысында жауапты мамандарға әр сектор бойынша міндеттер нақты жүктеліп, химиялық өңдеу жұмыстарын жүргізу кезінде техникалық қауіпсіздікті сақтау мәселелері кеңінен түсіндірілді.
Аталған шаралар шегіртке зиянкестерінің таралуына жол бермей, ауыл шаруашылығы алқаптарын қорғауға бағытталған.