КЕЛЕСТЕ ЭКОШАРА ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ

КЕЛЕСТЕ ЭКОШАРА ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ
Келес ауданында экологиялық мәдениетті қалыптастыру және табиғатты қорғау бағытында «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында кең ауқымды сенбілік өтті. «Мөлдір бұлақ» ұранымен ұйымдастырылған игі шара барысында Шұқырсай елдімекеніндегі жағажай аумағы күл-қоқыстан тазартылып, арамшөптерден аршылды.
Тазалық жұмыстарына аудан әкімі Жәнібек Ағыбаев, мемлекеттік қызметшілер, жастар мен еріктілер белсенді түрде қатысып, қоршаған ортаны қорғауға өз үлестерін қосты. Шара барысында 10-ға жуық арнайы техника жұмылдырылып, жиналған тұрмыстық қалдықтар арнайы орындарға шығарылды.
Аудан әкімі Жәнібек Ағыбаев өз сөзінде табиғатты қорғау – баршаның ортақ міндеті екенін атап өтті.
– Таза табиғат – дені сау ұлттың кепілі. Әрбір тұрғын туған жерінің тазалығына жауапкершілікпен қарап, осындай игі бастамаларға белсене атсалысуы тиіс. Біз бүгін тек сенбілік өткізіп қана қоймай, келешек ұрпаққа үлгі көрсетіп отырмыз. Табиғатты аялау – әр азаматтың парызы, – деді.
Айта кетейік, мұндай экологиялық шаралар алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасын табады.