Көктемнің шуағын ала келген Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамы Келес ауданына қарасты барлық ауылдық округтерде кең көлемде тойланды. Әр ауылдық округтің орталық елді мекендерінде ұйымдастырылған мерекелік іс-шараларға жергілікті тұрғындар белсенді қатысып, ұлттық мейрамның мән-маңызын айшықтай түсті.
Мерекелік жиындарда ауылдық округ әкімдері сөз сөйлеп, аудан әкімі атынан тұрғындарды Наурыз мейрамымен құттықтады. Ізгі тілектер айтылып, елдің амандығы мен берекесі тіленді. Іс-шара барысында қазақтың салт-дәстүрлері жаңғыртылып, ұлттық құндылықтар кеңінен насихатталды. Арқан тарту, қазақша күрес, асық ату секілді ұлттық спорт түрлерінен сайыстар ұйымдастырылып, жеңімпаздар марапатталды.
Сонымен қатар, ауылдық мәдениет үйлері мен клубтарының өнерпаздары арнайы концерттік бағдарламалар ұсынып, көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Әсем ән мен мың бұралған би мерекенің сәнін кіргізді. Ұлттық бірлік пен татулықты дәріптейтін Наурыз мейрамы Келес өңірінде жоғары деңгейде ұйымдастырылып, тұрғындарға ерекше әсер сыйлады.