Түркістан облысы, Келес ауданындағы «Экокультура Евразия» жылыжай кешенінде Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесі кең көлемде атап өтілді. Көктемнің жаңаруын, береке мен бірлікті дәріптейтін бұл мерекелік шара өндіріс орнында ерекше атмосфера қалыптастырып, еңбек адамдарының еңбегіне құрметтің жарқын көрінісіне айналды.
Салтанатты жиынға Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев қатысып, жылыжай қызметкерлерін Наурыз мейрамымен құттықтады. Ол өз сөзінде агроөнеркәсіп саласының аудан экономикасындағы маңызын атап өтіп, осындай ірі жобалардың елдің әл-ауқатын арттыруға қосып жатқан үлесіне тоқталды.
Мерекелік шара барысында кәсіпорын өкілдері де ұлттық дәстүрге құрмет көрсетті. Атап айтқанда, Алексей Сергеевич Шеметов қазақы ұлттық киім киіп, көпшілікті Наурыз мерекесімен құттықтады. Бұл – түрлі ұлт өкілдерінің бір шаңырақ астында татулықта еңбек етіп жатқанын айғақтайтын ерекше сәт болды.
Бүгінде «Экокультура Евразия» жылыжай кешені бекітілген жоспарға сәйкес кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Жоба елдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға елеулі үлес қосуда. Заманауи технологиялармен жабдықталған жылыжайлар импортқа тәуелділікті азайтып, қазақстандықтарды жыл бойы сапалы әрі дәмді көкөніспен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Қазіргі таңда кәсіпорында 150 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Алдағы уақытта жаңа өндірістік блоктарды іске қосу арқылы жұмысшылар санын 800 адамға дейін кезең-кезеңімен арттыру жоспарланып отыр. Көкөніс өсірушілердің орташа ресми жалақысы 320–350 мың теңгені құрайды. Барлық қызметкерлер заңды түрде еңбек етіп, әлеуметтік кепілдіктермен қамтамасыз етілген.
Жоба аясында Түркістан облысына жалпы көлемі 42 миллиард теңге инвестиция тартылған. Бұл – еліміздегі ең ірі жылыжайлардың бірі саналады. Кешен толық қуатында іске қосылғанда жылына 25 мың тонна қызанақ өндіру көзделіп отыр.