КЕЛЕСТЕГІ СЕССИЯ ҰЛТТЫҚ ДӘСТҮРМЕН ҮЙЛЕСТІ

КЕЛЕСТЕГІ СЕССИЯ ҰЛТТЫҚ ДӘСТҮРМЕН ҮЙЛЕСТІ
Келес ауданы әкімі аппаратының мәжіліс залында сегізінші шақырылымдағы Келес аудандық мәслихатының кезектен тыс отыз бесінші сессиясы өтті. Маңызды жиынға аудандық мәслихат төрағасының міндетін уақытша атқарушы Нұрхан Мережепов төрағалық етті. Сессия жұмысына Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев қатысып, күн тәртібіндегі өзекті мәселелер қаралды.
Сессияға аудандық мәслихаттың депутаттары, мекеме басшылары, құқық қорғау органдарының жетекшілері, білім, денсаулық сақтау, кірістер саласының басшылары, сондай-ақ ауылдық округ әкімдері мен дербес бөлім жетекшілері қатысып, күн тәртібіндегі мәселелерді талқылауға белсенді атсалысты.
Айта кететіні, маңызды мәселелер қаралған сессия отырысы Наурызнама онкүндігімен тұспа-тұс келіп, ұлттық құндылықтармен үйлесім тапқан ерекше форматта ұйымдастырылды. Жиынға қатысқан мемлекеттік қызметкерлер Наурызнама аясындағы Ұлттық киім күніне орай қазақы нақыштағы ұлттық киімдер киіп келді.
Жиын барысында күн тәртібіне енгізілген негізгі мәселе – Келес аудандық мәслихатының «2026–2028 жылдарға арналған ауыл және ауылдық округтердің бюджеттері туралы» шешіміне өзгерістер енгізу болды. Аталған мәселе бойынша жауапты сала өкілдері баяндама жасап, алдағы кезеңге жоспарланған қаржылық өзгерістер мен толықтырулар жан-жақты таныстырылды.
Талқылау барысында депутаттар тарапынан ұсыныстар айтылып, бюджет қаражатын тиімді пайдалану, ауылдық аумақтардың әлеуметтік-экономикалық дамуын жандандыру бағытындағы нақты шаралар назарға алынды. Сонымен қатар, халықтың әл-ауқатын арттыру, инфрақұрылымды дамыту және мемлекеттік бағдарламалардың орындалуын қамтамасыз ету мәселелері де кеңінен қозғалды.
Сессия қорытындысында күн тәртібіндегі мәселе бойынша тиісті шешім қабылданып, алдағы жұмыстардың нақты бағыттары айқындалды.