Түркістан облысы, Келес ауданына қарасты Ұшқын елді мекенінде еңбекқор кәсіпкер Назира Мұхитқызы шағын кәсіптің аясын кеңейтіп, ауыл тұрғындарын күн сайын сапалы әрі жаңа піскен өніммен қамтып келеді. Өз ауласынан басталған наубайхана бүгінде ауыл экономикасына серпін беріп отырған табысты кәсіптердің біріне айналған.
Қазіргі таңда наубайханада 5 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Олардың қатарында жергілікті тұрғындармен бірге көрші Өзбекстаннан келген азаматтар да бар. Бұл – кәсіпкердің тек табыс табумен шектелмей, ауылдағы жұмыссыздықты азайтуға да үлес қосып отырғанын көрсетеді.
Кәсіпорында күн сайын 1000 данаға дейін нан пісіріліп, ауыл дүкендері мен тұрғындарға жеткізіледі. Сонымен қатар сұранысқа қарай 400-ден 1000 данаға дейін самса әзірленеді. Дәмі тіл үйірер өнімдерге деген сұраныс күн санап артып келеді.
Кәсіпкердің айтуынша, бұл істі бастаудағы басты мақсат – халықты табиғи, таза әрі қолжетімді өніммен қамтамасыз ету болған.
– Бұл – менің бала күнгі арманым. Алғашында үй жағдайында аз мөлшерде пісіріп, сатуды бастадық. Кейін халықтың сұранысы артып, кәсібімізді кеңейттік. Бүгінде өндіріс көлемін ұлғайтып, сапаны басты назарда ұстап отырмыз. Алдағы жоспарымыз – кәсібімізді одан әрі дамытып, жаңа жұмыс орындарын ашу, – дейді Назира Мұхитқызы.
Ұшқындағы мұндай іргелі істер – ауыл кәсіпкерлігінің дамуына тың серпін беріп, тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға ықпал етуде. Еңбек пен табандылықтың арқасында жетістікке жеткен Назира Мұхитқызының кәсібі – көпке үлгі боларлық жарқын бастама.