Келес ауданында өтіп жатқан республикалық референдумда бірқатар жас азаматтар үшін бұл күн ерекше мәнге ие болды. Себебі олардың алғашқы дауыс беруі туған күндерімен тұспа-тұс келді.
Біртілек ауылдық округінің тұрғыны Амзе Бөкейхан Берікұлы 15 наурыз күні 18 жасқа толды. Дәл осы күні ол референдум учаскесіне келіп, өмірінде алғаш рет дауыс берді. Туған күнімен қатар келген бұл маңызды сәт жас азамат үшін есте қаларлық оқиғаға айналды.
Сондай-ақ Абай ауылының тұрғыны Серғазы Нұрәлі Нұрланұлы да 15 наурыз күні 18 жасқа толып, алғаш рет дауыс беру құқығын пайдаланды. Осылайша, оның да алғашқы саяси таңдау жасаған күні туған күнімен тұспа-тұс келді.
Жас сайлаушылар ел болашағына қатысты маңызды шешім қабылдау процесіне қатысып, азаматтық белсенділіктерін көрсетті. Учаске мүшелері алғаш рет дауыс берген жастарға жылы лебіздерін білдіріп, алдағы өмір жолдарына сәттілік тіледі.
Айта кетейік, 2026 жылғы 15 наурыз күні Қазақстан Республикасында республикалық референдум өтуде. Жалпыхалықтық дауыс беруге Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдау мәселесі шығарылған. Келес ауданында барлық референдум учаскелері таңғы сағат 07:00-де ашылып, тұрғындар белсенді түрде дауыс беруде.